Президентті Иранға ресми сапармен келуге шақырды

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы астанаға сапармен келген Иран дипломатына ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы байланыстардың достық сипатын айтты.

Иран – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі. Заман қалай құбылса да, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынастар үзілген жоқ. Халықаралық ахуал өзара ынтымақтастығымыздың дамуына әсер етпеді. Біз бұл жағдайды жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Иран президенті Хасан Руханиға жүрекжарды сәлемімді жолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мохаммад Джавад Зариф Қазақстан президентінің қонақжайлық танытқанына алғыс айтып, Нұр-Сұлтанға тағы да қуана келетінін айтты.

Иран
Фото: Akorda.kz

Сыртқы істер министрі Иран президенті Хасан Руханидің сәлемі мен Наурыз мерекесіне байланысты құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге Хасан Руханидің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Иранға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады.

Біз Сіздің еліңізбен арадағы ынтымақтастықтың дамуына зор мән береміз. Қазақстан өңірдегі жақын көршілеріміздің әрі достас мемлекеттеріміздің бірі, – деді Мохаммад Джавад Зариф.

Иран
Фото: Akorda.kz

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.