Қасым-Жомарт Тоқаев «Спутник V» вакцинасын салдырды

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те жазды.

Берік Уәлидің айтуына қарағанда, президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ.

Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеудің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді, — деді Берік Уәли.

Президенттің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырғанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сонымен бірге екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған еді.

Айта кетейік, мұның алдында Берік Уәли «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында президенттің отандық вакцинаны салдыру ниеті бар екенін айтқан еді.