Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі парақшаларын өзі жүргізе ме?

Бұл туралы Берік Уәли Хабар 24 арнасына берген сұхбатында айтты.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-парағын өзі жүргізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бақылайды, өзі жүргізеді. Бізде қасаң пікір қалыптасқан ғой. Әлі күнге дейін елдің арасында кез келген мемлекеттік лауазымды тұлғаның әлеуметтік желідегі парақшаларын көмекшілері болмаса баспасөз қызметі жүргізеді деген қасың пікір бар. Жоқ, мемлекет басшысы кез келген твитті өзің қадағалап, өзі жазады. Өзі осылай халыққа пікірін ұсынып отыр деп айтсақ ешқандай қателеспейміз, — деді президенттің баспасөз хатшысы.

Президенттің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың твиті арқылы бірнеше мәселенің шешілгенін айтты.

Мысалыға, твит арқылы көптеген тапсырма берілгенін білесіздер. Негізі халыққа осы мәселелердің жадысын жаңғыртып айтып отырған дұрыс шығар. Көп жағдайда оны ұмытып кете береміз ғой. Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік рәміздерді пайдалану дұрыс емес, әркім жеке үйінде қолдана алмайды деген кезде, соған қатысты твит жазды. Арнайы Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаттарын қайта қарау туралы тапсырма берді. Оны дер кезінде депутаттар іліп алып кетіп, осы мемлекеттік рәміздерді балконға, әркім өзінің үйінде ілуіне рұқсат етілді, қолданыс аясын кеңейтті, — деді Берік Уәли.