Ерлан Қиясов азаматтарға Нұр-Сұлтан мен Алматыға бармауды ескертті

Бұл туралы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-дағы каналында жазылды.

«Құрметті қазақстандықтар!

Кейінгі күндері Нұр-Сұлтан және Алматыда эпидемиология жағдайының нашарлауы байқалатыны өздеріңізге белгілі.

Кеше елдің екі ірі мегаполисінде COVID-19-бен сырқаттанушылық ел бойынша анықталған барлық жағдайдың 55%-і болды.

Коронавирус инфекцияны жұқтыру қаупінің жоғары болуы қоғамдық орындарға, сауда орталықтарына, базарларға барумен, бұқаралық іс-шараларды (үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және тағы басқа) өткізумен, қоғамдық көлікте алдын алу шараларын сақтамаумен, сонымен бірге үй карантинін сақтамаумен байланысты.

Нұр-Сұлтан және Алматыда COVID-19-дың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында өңірлік жедел штабтардың шешімі бойынша бірқатар шектеу шарасы қабылданды.

COVID-19 бойынша эпидемиология жағдайының нашарлауы бүкіл дүниежүзінде байқалады, вирустың жаңа штамдарының таралуымен байланысты коронавирус инфекциясы ауруымен сырқаттану тіркеліп жатыр. Әлемнің көп елінде карантин шаралары күшейтіліп жатыр.

Алдағы мереке және демалыс күндері әрқайсыңызды өз денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын сақтауға үндеймін және Сіздерге мынадай кеңестер беремін:

● Алматы және Нұр-Сұлтанға барудан бас тарту;

● халық көп жиналатын орындарға бармау, мереке күндерін жақын адамдардың арасында өткізу;

● қонақ шақырудан және қонаққа барудан бас тарту;

● жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болмау;

● әлеуметтік қашықтықты, маска тағу режимін сақтау;

● шетелге барудан бас тарту.

Барша қазақстандықты Наурыз мейрамымен құттықтаймын және әрбір отбасына зор денсаулық, амандық тілеймін және барлығымыз бұрынғы өмірімізге қайта оралайық!», — делінген бас санитар дәрігер үндеуінде.

Айта кетейік, Қазақстанда 20 наурыздың қорытындысы бойынша коронавирустың тағы 1 171 дерегі анықталды.

Алматы және Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймақта. Ақмола, Атырау, Қарағанды және Алматы облыстары «сары» аймақта. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта.

Республика бойынша инфекция жұқтырғандар саны 231 698-ге жетті.