Қазақстанда коронавирустың ықтимал жаңа штамы анықталды

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алесей Цой Facebook-парақшасында жазды.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирустың айналымдағы өзге де штамдарына зерттеу жүргізіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп Covid-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингінің жаңа әдістемесі енгізілді, — деді министр.

Алексей Цойдың айтуынша, 17 наурызда Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы коронавируспен ауыратын алматылықтардан алынған зертхана үлгілеріне талдау жүргізген.

Зерттеу нәтижесінде «Британдық», «Оңтүстік Африка», «Бразилиялық» штамдарға ұқсас ықтимал мутация анықталды. Мутацияны және оның осы штамдардың біріне жататынын нақты растау толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін бір ай ішінде айқындалады, — деді ол.

Ведомство басшысы коронавирустың алдын алу және мутацияны емдеу шаралары қолданыстағы тәсілдерге ұқсас екенін айтты.

Бұл маска режимін және әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адам көп жиналатын орындарға бармау, сондай-ақ халықты жаппай вакцинациялау. Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының мәліметтері бойынша қазір Қазақстанда қолданылатын Гам-КОВИД-Вак (Спутник V) вакцинасының «Британдық» штамға тиімділігі дәлелденді, — деп жазды Алексей Цой.

Сонымен бірге министр демалыс және мереке күндері қарсаңында COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеу үшін халықтан тиісті сақтық шараларын мұқият сақтауды сұрады.