«Елорда жастары» тұрғынүй бағдарламасының талабы жарияланды

Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарлауынша, бағдарламаға қатысушы үміткердің жасы 35-тен аспауға тиіс.

«Елорда жастары» бағдарламасының негізгі бастамашысы — Нұр-Сұлтан әкімдігі. Тиісінше, оны жүзеге асыруға қала бюджеттінен ақша бөлінеді. Бөлінетін кредиттің жоғарғы шегі — 13 миллион теңге шамасында. Ал бастапқы жарна — пәтер ақысының 10%, — делінген хабарламада.

Бағдарламаның қашан басталатынын Нұр-Сұлтан әкімдігі таяуда хабарлайды.

Нұр-Сұлтан тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы Informburo.kz порталына бағдарлама шарттарын хабарлады.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

  • Денсаулық сақтау, атап айтқанда: Нұр-Сұлтанда орналасқан денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қалалық және республикалық ұйымдарда жұмыс істейтін жоғары және орта буын медицина қызметкерлері;
  • Білім беру: Нұр-сұлтанның мемлекеттік, қалалық және республикалық мекемелерінің білім беру саласындағы тиісті жоғары және орта білімі бар педагог қызметкерлері;
  • Мәдениет: техникалық персоналды қоспағанда, мемлекеттік, қалалық және республикалық ұйымдардың бейінді қызметкерлері;
  • Спорт: Нұр-сұлтанның мемлекеттік, қалалық және республикалық ұйымдарында спорт саласындағы жұмыс істейтін спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар;
  • ЖОО-лар мен ҒЗИ: ұлттық жоғары оқу орындарының, мемлекеттік, қалалық және республикалық ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
  • Журналистер: тікелей өндірістік қызметпен айналысатын журналистер мен бұқаралық ақпарат қызметкерлері (журналистер, тілшілер, продюсерлер, беттеушілер, редакторлар, режиссерлер, дыбыс режиссерлері, теле-радиожүргізушілер, фотографтар, телерадио хабарларын тарату жөніндегі инженерлер, графика және мультимедиа дизайнерлері, телерадио хабарларын тарату жөніндегі техниктер, аудио-бейне операторлар, телекоммуникациялар жөніндегі монтаждаушылар, контент-менеджер, жарық беруші, веб-дизайнерлер, медиа жоспарлау жөніндегі менеджер, медиа талдаушы, SMM-маман). Растайтын құжаттары (жұмыс орнынан жұмыс өтілі мен лауазымы көрсетілген анықтама еңбек кітапшасы, білімі туралы диплом, БАҚ есепке қою туралы куәлік) болуы керек.
  • Әлеуметтік сала: техникалық персоналды қоспағанда, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қалалық ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлер.
  • Нұр-сұлтанның коммуналдық кәсіпорындарының қызметкерлері (коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер).