Атыраулық жұмыртқа өндірушілерге бағаны төмендетуге хабарлама жіберілді

34 ірі құс фабрикасының 13-інде жұмыртқа сату кезінде бағалық сөз байласу белгілері анықталған.

Бағалық сөз байласуда 13 тауық жұмыртқасын өндірушіге (Шымкент қаласы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Атырау облыстары) бағаларды төмендету туралы хабарлама жіберілді.

«Кәсіпкерлік бір ай мерзімде орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган Кодекске сәйкес тергеп-тексеруге бастамашылық жасайды», делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, жыл басынан бері екі айда жұмыртқа құнының өсуі 11,5%-ды құрады (өткен жылдың ұқсас кезеңінде 1,4%-ға төмендеу байқалды). Өңірлерде тауық жұмыртқасы Семей қаласында — 22,4%, Өскемен — 21,6 %, Қостанай — 16,5%, Жезқазған — 15%, Алматы — 13,4%, Ақтау — 13,3%, Павлодар — 13,7%, Орал — 11,8%, Алматы — 13,4%, Талдықорғанда — 12,3%-ға қымбаттағаны хабарланады.

Хабарламада жазылғандай, бағаның күрт өсуіне бірқатар факторлар әсер еткен. Атап өтсек, құс тұмауының өршуі және құс басының 15%-ға қысқаруы, азық құнының 150%-ға артуы әсер еткен.

Айта кетейік, қазіргі кезде құс фабрикалары «Адель-кус» ЖШС, «Алекри» ЖШС, «Алсад» ЖШС, «Алель Агро» ЖШС, «Агроинтерптица»ЖШС. «Майқұдық құс фабрикасы» ЖШС, «Сары-Бұлақ» ЖШС және «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС құстардың өліміне байланысты тауық жұмыртқасын өндірмейді.