Пандемия басталғалы интернет платформалардың бәрінде рейтингтің өскені байқалған көрінеді. Бұған халықтың басым бөлігінің үйде отырғаны, кинотеатрлардың біраз уақыт жабық болғаны себеп екен.

Халық кинотеатрға баруға да қорқады. Өзім осы үрдіс қалыптасып кетеді деп ойлаймын. Дәл қазір Aitube-тегі көрсетілім, оның ішінде қазақша контентке деген сұраныс өте жақсы болып тұр, — дейді Aitube-тің бас редакторы Ерлан Игісінов.

Платформада көбіне 13 жастан 45-ке дейінгі азаматтар отырады. Видеохостинг өкілдерінің айтуынша, қазақша сериалдарды қазақстандықтар ғана емес, жалпы түркі елдері көреді екен. Тіліміз ұқсас болғандықтан, қазақша контент ешқандай аудармасыз да көрші елдерде әжептеуір таралады.

Татарстан, Якутия, Әзербайжанның қазақша сериалдарды сатып алған кездері болды. Себебі тілдер ұқсас. Олар өз телеарналарында оны қазақша көрсетті, сәйкесінше бізді миллиондаған бауырымыз көрді, — дейді компания өкілі.

Видеохостинг жетекшілері қазақстандық контентмейкерлер өнімін Aitube-ке жүктесе деген тілегі бар.

Бізде кез келген адам өз өнімін дәстүрлі түрде Youtube-ке жүктейді. Бірақ онда қазақша контентті ұсынып, әрі қарай қаралымын көбейтуге кепілдік бермейді. Себебі қазақ тілі өзімізге ғана қажет. Платформамыздың ең маңызды мақсаттарының бірі – қазақша контенттің көбеюіне себеп болу және оны әрі қарай адамдарға ұсыну, көп адамға көрсету. Сондықтан кез келген контентмейкер бізге өз өнімін жүктегенін қалаймыз. Aitube кем дегенде 80% қазақша болады деп ойлаймын, — дейді бас редактор.

Сонымен қатар отандық платформа иелері Youtube авторларды тұншықтырып жатыр деп есептейді. Бұған себеп — қазақша контентті әрі қарай жарнамалай алмау және олардың миллион қаралымға өте аз ақы беретіні.

Youtube автордың мүддесі үшін жұмыс істемейді. Ал Aitube Қазақстанда шығатын видеоларды қолдау мақсатында құрылды. Бәрінің сапалы, жарқын болғанын, онлайн платформаның тез жұмыс істегенін қалаймыз. Контентмейкерлерге көбірек төлей аламыз. Бір жағынан атақты видеохостингті ұнатпайтынымызды жасырмаймыз, — деді Aitu-Dala компаниясының директоры Евгений Волков.

Қазір Aitube-тың екі миллионнан астам көрермені бар. Олар — тек тіркелген адамдар емес, үнемі кіріп, видео көретін азаматтар. Әзіл-күлкі ғана емес, нақты салмақты сериалдар да қазақ көрерменіне ұнайды. Мысалы, оркестр, музыка туралы, офистегі өмір туралы хикаялар да бар.

Aitube видеохостингін шығарушылар еліміздегі талантты режиссерлар мен видео түсірумен өмір сүретін азматтарды қолдап, контентін әрі қарай дамытуына көмектескісі келетінін жеткізді.