Арыста оқ-дәрілерді жою жұмыстары қайта басталды

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскерилер арнайы техника және құралдармен толық жарақталған. Далалық госпиталь ашылды.

Саперлердің басты күші жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал ауылшаруашылық жұмыстарының қайта жандануына байланысты егіс алқаптары мен жайылымдар маңайы тексеріледі.

Табылған заттар мен оның бөлшектерін арнайы жабдықталған орынға (полигонға) жинап, жояды. Қауіпсіз деп танылған оқ-дәрілерді шығару жалғасады. Біразы қоймалар маңында қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жойылады, — делінген хабарламада.

Арыс, оқ-дәрі
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

2020 жылы жүргізілген жұмыстардың тәжірибесі көрсеткендей, табылған заттар мен бөлшектердің көбі қауіпсіз. Бұған қарамастан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейтаныс заттар табылған кездегі іс-қимыл тәртібін жеткізу үшін Қорғаныс министрлігі ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қыс мезгілінде ауа-райының нашарлауы мен жердің қатуына байланысты оқ-дәрілерді жоятын әскери саперлердің қызметі тоқтатылған болатын. Алайда қоймалар аумағын тазарту, сынықтарды жинау, металл бөлшектерін сұрыптау жұмыстары жалғасты.

Арыс, оқ-дәрі
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Жергілікті тұрғындардың өтінімдеріне жедел ден қою үшін топтар құрылған еді.