6 жыл бұрын отбасым қиын кезеңге ұшырады. Әкем сырқаттанып, қайтыс болды да, анам төрт баламен жалғыз қалды. Мен ол кезде 4-курс студентімін. Екі інім мен сіңлім мектепте оқиды. Бүкіл салмақ анама түскенін түсінген боларсыз.

Әкем өмірден қайтқан соң қаражат жағынан қиналдық. Анам жедел-жәрдем бөлімінде еден жуушы болып жұмыс істейтін. Оған қоса үйде сиыр сауып, көршілерге сүт сататын. Балаларының киімі бүтін, қарны тоқ болуы және толық білім алуы үшін бәрін жасады. Бұған менің университетте ақылы бөлімде оқитынымды қосып қойыңыз. Оған 420 мың теңге төлейтінбіз.

Үйдің үлкені болған соң «анамның бір жағына шығамын» деп оқумен қатар даяшы болып жұмыс істей бастадым.

Сенің міндетің — сабақ оқу. Әлі өмір-бақи жұмыс істейсің, — деп ұрсатын анам.

Бірақ ол кісінің қиналып жүргенін көре тұра, сабақ оқып, үйде жата алмадым.

Сөйтіп жүріп, әрең дегенде есімізді жидық, қаржы жағдайымызды бір ретке келтірдік. Асып-тасып жатпаса да, күнделікті өмірімізге жететін еді.

Біраз уақыттан соң кіші сіңлімнің бетіне «киста» шыққанын білдік. Алматыға әкеліп, ота жасаттық. Ем-домына біраз шығын шықты. Сондықтан оқуымның екінші жартыжылдығын төлеуге ақша жетпей қалды. Анам банктен 300 мың теңге несие алды. Ертесі маған ақшаны беріп, «Оқуыңды төле» деп, өзі жұмысқа кетті.

Сол күні басқа қаладан келе жатқан құрбымды теміржол вокзалынан қарсы алуым керек еді. Оқу орнына барып, ақысын төлеп келгенімше, құрбым күтіп қалады. «Не де болса бірінші қарсы алайын, сосын барып төлермін» деп, таксиге мініп, вокзалға бет алдым.

Құрбым келді. Бір-бірімізді көргенімізге мәз болып, құшақтаса кеттік. Жүгі көп екен. Соны көтерісіп жатқанда өзімнің сөмкемнің қолымда жоқ екенін байқадым. Жүрегім дүрс ете қалды. Құрбым екеуіміз іздей жөнелдік. «Дәретханада тастап кетпедім бе?» деп қарап шықтым. Таппадым.

Құдай-ай, не болып кетті? Неге мені сонша сынадың?, — деп жылап жібердім.

Құрбым жұбатып «Үйге барып, заттарымды қояйық. Сосын сенің жүрген, барған жерлерді бір қарап шығайық» деді. Вокзалдан шығып келе жатқанымызда алдымыздан мені алып келген такси жүргізушісі шыға келді. Қолында сөмкем.

Қызым, машинада сөмкеңді ұмытып кетіпсің. Ренжіме, бірақ ішін ашып көрдім. Әмиян, құжаттарың бар екен. Қайтарып берейін деп келдім. Алдымнан шыға келгенің қандай жақсы болды. Енді қалай табамын деп ойлап тұр едім, — деді ағай.

Әлгі жерде жүргізушіге алғысымды жаудырдым. Рахмет айтып, 1000 теңге беріп едім, алмады. Осы оқиғадан соң құрбым екеуміз бірден оқудың ақшасын төлеп, кейін үйге барып әңгіме-дүкен құрып, шәй іштік.

Кейде өмірде қиындықтар көбейіп, оның бәріне төтеп беру, жеңу мүмкін емес көрінеді. Тіпті «Өмір неге әділетсіз» деп ойлайсың. Бірақ әлгі сөмкемді алып келген ағай секілді жақсы адамдардың амалы өмірге деген ызаңды басады.