Қанат Ислам эквадорлық қарсыласын нокаутқа түсірді

Рингке шығар алдында қазақстандық боксшының қарсыласы өзгерді. Әуелі 35 жастағы Қанат Исламның қарсыласы 33 жастағы ганалық Ободай Саи болуы керек еді. Кейінірек қазақстандық боксшыға қарсы «баскесер» деген лақап атпен танымал эквадорлық Джейсон Минда шығатыны анықталды.

Кездесу 10 раундқа жоспарланған, бірақ жетінші раундта аяқталды. Қазақстандық боксшы қарсыласын төртінші раундта нокдаунға түсірді. Жетінші раундта рефери тағы да бір нокдаун санады. Артынша Қанат Ислам қарсыласын нокаутқа түсірді.

Қанат Ислам рингке бір жылдан аса уақытқа созылған үзілістен кейін оралып отыр. 2019 жылдың қазанында ол Алматыда намибиялық Уолтер Каутондокваны жеңіп, орта салмақтағы WBO International титулын қорғап қалған еді.