1,5 миллионға жуық қазақстандық мемлекеттен сыйлықақы алды

Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 317 756 клиенті 111 120 теңге көлеміндегі ең жоғарғы мемлекет сыйлықақысын алды. Бұл салымшылар 2020 жылы шотына кемінде 555 600 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткішке тең қаражат жинаған, — делінген банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Депозитіне одан да жоғары қаражат сомасын аударған клиенттер сыйлықақы төленбеген жинақ сомасы бойынша 20% мемлекет бонусын 2021 жылдың қорытындысы бойынша алады.

«Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, салымшыларға берілетін мемлекет сыйлықақысының көлемі жыл сайын артып келеді.

Мысалы, банк жұмысын басталған алғашқы жылы оның көлемі 10 464 теңге болса, 2020 жыл үшін банк клиенттері 111 120 теңге көлемінде сыйлықақы алды, — деді басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

2021 жылдың қорытындысы бойынша 116 680 теңге көлеміндегі ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақыны алу үшін банк салымшылары шотына кемінде 583 400 теңге (200 АЕК) жинауы қажет.

Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, салымшы көбірек қаражат сомасын жинап депозит табыстылығын арттыруына болады.

Ол үшін клиент отбасы мүшелерінің атына  депозит ашып, оларға қаражатты теңдей бөліп, салып отыруы керек. Бұл жағдайда мемлекет сыйлықақысы ашылған әр шот бойынша төленеді. Ал тұрғын үй заемын алуға қажетті сома жиналған кезде, шоттарды біріктіріп баспана сатып алуға болады. Бұл опцияны банкте «Отбасылық пакет» деп атайды, — делінген хабарламада.