Қазақ көлік және коммуникация академиясы бас лицензиясынан айырылды

Шешім 10 жұмыс күні өткеннен кейін заңды күшіне енеді, кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндеттеледі.

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, академияда жыл бойы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, білім беру саласындағы өрескел бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, оқу процесі профессор-оқытушы құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген.

Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер етті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген рейтинг бойынша академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60%-і жұмыс беруші талаптарына сәйкес келмейді.

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігіне осы университетте «оқыған» шетелдік студенттер де шағымданған. Олар оқу ақысын төлеген, бірақ іс жүзінде академияда оқымаған болып шықты. Материалдар тиісті құқық қорғау органдарына жіберілді.

Біз академия иелері қарсылық танытуы мүмкін екенін түсінеміз. Олар комитеттің шешіміне сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы. Біз мемлекет басшысының сапалы білім беруді қамтамасыз етпейтін жоғары оқу орындарын жабу бойынша қойған міндеттерін іске асыруға тиіспіз. Бірінші кезекте, студенттердің сапалы қызмет алу құқықтары мен мүдделерін ескеріп жатырмыз. Оларға алаңдауға еш себептері жоқ. Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сонымен бірге ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа ЖОО ауысуға рұқсат бердік. Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда барлық студентті басқа оқу орнындарына ауыстыру бойынша жұмыс істедік, яғни мұндай тәжірибе бар. Профессор-оқытушы құрамын жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізіледі, — деді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазіргі уақытта Мұхамеджан Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясында 5 мыңнан астам студент білім алады. Академияда оқу құны — білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 миллион теңгеге дейін.

Қазақ көлік және коммуникация академиясына қатысты түскен шағымдар бір жылдың көлемінде толастаған емес. Академияның 30-жылдардан бастау алған тарихына қарамастан, университет басшылығы оқу орнын осы жағдайға жеткізді. Кезінде дәл осы жоғары оқу орны теміржол саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз еткен еді. Өкініштісі сол, қазіргі таңда бұл білім ордасында болашақ мамандарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселелер жетерлік. Мұндай жағдай елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман дайындау барысында орын алмауға тиіс. Білім беру бағыттары ұқсас оқу орындарының күш-жігерін біріктіру қажет шығар, – деді ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.

Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.