Қайыңдыға жол қашан салынады?

Көлсай мен Қайыңды көлдері Кеген ауданында орналасқан. Бұл — қазақстандықтар ғана емес, шетел туристері де жиі келетін туристік орын.

Әуелі Шырғанақ ауылына түсіп, аудан әкімі Талғат Байеділовпен кездестік. Әкімнің айтуынша, 2019 жылы бұл көлдерді көруге 90 мыңнан астам адам келген. Ал пандемия жылында Көлсай мен Қайыңдыны тамашалаймын дегендердің саны 84 мың болыпты. Оның көбі — қазақстандықтар. Қонақтар жалпы сомасы 12 миллион теңге болатын турист қызметін пайдаланған.

Сатыға барар жолда Қарабұлақ деген ауыл бар. Онда PHD Solution компаниясы құны 110 миллион теңге болатын үлкен турист кешенін салуды жоспарлап отыр. Кешен демалушылар санының артуына сеп болады екен.

Талғат Байеділов. Фото: Нұртай Бердәзім

Кеген ауданындағы Саты ауылы мен Қайыңды арасы — 12 шақырым жер. Бұл жерде көлік жүретін жол болған емес. Аудан әкімінің айтуынша, қазір жолдың жоба-сметалық құжаты дайын, шамамен белгіленген қаражат көлемі — 2 миллиард 200 миллион теңге. Ақша Алматы облысы бюджетінен бөлінеді. Мұның ішінде қымбатқа түсіп тұрғаны — Қайыңды маңындағы кішігірім өзендерге салынатын екі көпір. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтсе, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында салына бастайды. Қолданысқа 2022 жылдың жазында беріледі.

Бұл Қайыңдыға баратын жол биыл жабылады деген сөз емес. Көлге апаратын қазіргі жол сол күйі қалады, ал жаңа жол жанына түседі. Осының арқасында көлге баратын туристер саны екі есе артуы мүмкін.

Көлсай маңына туристік нысандар да салынып жатыр. Олардың саны — алтау: туристер қонатын төрт үлкен кешен, эко-ауыл және панто-SPA сауықтыру орталығы. Қазір Көлсайға барған қонақтар Саты, Қарабұлақ, Күрметі тұрғындарының үйіне түсіп жүр. Халық сол туристердің арқасында бизнесін дөңгелетіп отыр екен. Сондықтан салынып жатқан қонақүй кешендері мен ауыл тұрғындары арасында алдағы уақытта бәсеке пайда болады. Бұл бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Саты, Қарабұлақ, Күрметіні есепке алмасақ, аудандағы қалған 16 ауылға туризмнен пайда түспейді. Жалаңаш ауылы әкімі Әміржан Малыбековтың түсіндіруінше, туризм дамып келе жатқан ауылдар Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі құрамына кіреді. Ал қалған ауылдар орман шаруашылығы құрамында деп саналады. Мұндай жерде туризммен айналысуға болмайды. Сондықтан басқа елді мекендер ұлттық паркке өтсе, туристерге қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болады.

Ауданда 230 шақырымдай республикалық маңызды жол бар. Алматыдан сол жолдармен келдіңіздер. Жасыратыны жоқ, бұл жолдар Кеңес заманынан бері жөнделмеген, әбден ескірді. Дегенмен оның 25 шақырымын биыл «ҚазАвтоЖол» мекемесі күрделі жөндеуден өткізеді. Соның ішінде Қайқыдан Кегенге дейін, Шарын шатқалына апаратын жол айрығынан Жалаңаш ауылына бұрылатын жерге дейінгі аралық орташа деңгейде жөнделеді, — дейді Талғат Байеділов.

Көлсайға барғандар қайда қонып жүр?

Жанар Жұматаева және оның қонақ үйі. Фото: Нұртай Бердәзім

2 жыл бұрын тау көшкіні болып, Көлсайға баратын жол бұзылған еді. Қазір жөнделіпті. Көлге жылдам жеттік.

Көлсай мен Қайыңды орналасқан Саты ауылы туризммен 1996 жылдан бері айналысады. Ауыл тұрғындары көлде демалуға келген туристерді үйіне қондырып, ақы алады. Қазір мұндай үйдің саны 100-ге жетіп қалыпты. Кеген ауданындағы сапарымызда осындай guest house-тың (қонаққа арналған үй) біріне түстенуге тоқтадық. Атауы «Албан» екен. Иесі — ауыл тұрғыны Жанар Жұматаева. Үйде 24 адамға арналған жатын орын бар. Кісі басына күніне төленетін ақы — 12 мың немесе 15 мың теңге. Жуынатын жер бөлме ішінде болғанын қаласаңыз, қымбатырақ төлейсіз. Ортақ болғанын таңдасаңыз, арзандау баға сұралады. Үш мезгіл ас осы ақыға кіреді. Әр тамақтанғанда үй иелері жент, сарымай, құрт, бауырсақ сияқты дәм-тағамды тегін ұсынады.

Бұл — өзіміз тұратын үй. Негізі жазда есік алдындағы ескі үйде боламыз. Қыста екі жаққа от жақпай-ақ бір үйде қонайық дейміз. Оның үстіне, қазір туристер аз келеді, қонақ үйде орын жетеді. Әуеліде бұрынғы үш бөлмелі үйде туристерді күтіп жүрдік. Бір бөлмесінде өзіміз тұрып, қалған бөлмелерге демалушыларды жайғастыратынбыз. Көбіне шетелден келген саяхатшылар түсетін. Осы ісіміздің арқасында 3 жыл бұрын қонақ үйді салып, ішіне кіріп алдық. Кредит алмадық, ешкімнен қарыз сұрамадық, — дейді үй иесі Жанар Жұматаева.

Жанар Жұматаева. Фото: Нұртай Бердәзім

Оның айтуынша, бұл бизнесті абысыны екеуі жүргізіп отыр. Үйді жинайтын да, тамақ пісіріп, қонақ қабылдайтын да — екеуі. Абысыны да 11 адамға арналған қонақ үй салған. Жазда осы екі үй туристерге толады. Орын алу үшін бірнеше күн бұрын хабарласып, тапсырыс беріп қою керек.

Жанар Жұматаева карантинге дейін негізінен шетел туристері келгенін, ал пандемия басталғанда Қазақстан азаматтары қарасының көбейгенін айтады.

Карантин кезінде шетел қонақтары мен біздің азаматтардың демалу мәдениетіндегі айырмашылықты анық көрдік. Бәріне топырақ шашқым келмейді. Дегенмен шетелдіктермен проблема болмайтын. Бірге мәнті түйіп, бауырсақ пісіріп, ұлттық ойындарымызды ойнап жүре беретінбіз. Өз халқымыздың орта жастағы азаматтары еден жуған мені көріп «шынымен осы үйдің иесісіз бе?» деп таңғалады. «Келесі жолы тағы осы үйге келемін, сондықтан бұл жолғы бағасын кемітіп бер» деп жатады. Немесе «мұнда тек қана көл ме, басқа ештеңе жоқ болса, несіне келдік» дейтіндер де бар. Бірақ қазақ жастары бөлек, сыртқа көп шығып үйренгеннен бе екен, өзін мәдениетті, адекват ұстайды. Артық-ауыс сөзі жоқ, тауды аралап кетеді. Қалаға қайтарда алғыс айтады. Сондайда бір жасап қаламыз, — дейді Жанар Жұматаева.

Үй иесі шетел туристерімен тіл табысу үшін ағылшын тілін үйренген. Балалары аптасына үш-төрт рет онлайн курста тіл оқып жүр.

Туризм аймағындағы қоқысты кім жинайды?

Көлсайға барғанда көлдің беті қатып, қар басып жатқанын көрдік. Ел салған соқпақ жолға түсіп, арғы басына шықтық. Жолай банка, төгілген қияр қалдығы сияқты қоқыс көріп, көлге жанымыз ашыды. Алдымыздан ұлттық парк инспекторлары шықты. Қолында қоқыс салынған қалта бар. Бізге «қоқыс тастамаңыздар» деп ескертті. Анда-мұнда шашылып жатқан қалдықты әлгі қалтаға салып жүрсе керек.

Аудан әкімі Талғат Байеділовтың айтуынша, Көлсай мен Қайыңдыда қоқыс жәшіктері бар. Енді қоқыс тастамау, табиғатты аялауға қатысты плакаттар ілінеді. Туристер демалу мәдениетін түсініп, артында қоқыс қалдырмауды үйренгенше, шашылған-қалған дүниені ұлттық парктің қызметкерлері жинап жүр. Олар күн сайын кешке туристер жүріп өтетін соқпақтарды тексеріп шығады екен.

«Түтін шықпайтын ауыл» және форель шаруашылығы

Кеген және Қарқара өзендері Шарынға құяды. Мұнда Мойнақ су-электр станциясы салынған. Ол Алматының жартысы мен облыстың біраз бөлігіне жылу таратып отыр. Мұнда 125 адам жұмыс істейді. Бәрі Мойнақ ауылынан 10 шақырым жердегі ауылда тұрады. Қызметкерлерге арналған 80 үй бар. Жұрт ол ауылды «Түтін шықпайтын ауыл» деп атап кеткен. Өйткені суы үйдің ішінде, жылуы станциядан келіп тұр, ауданның өзге ауылдарына ұқсап көмір жақпайды. Станциядан Кеген ауданына түсетін пайда — салық түсімі.

Мойнақ СЭС. Фото: Нұртай Бердәзім

Аудан әкімі орынбасары Кеңес Қабылбеков су-электр станциясында форель (балық түрлері) шаруашылығы қолға алынатынын айтты. Қазір инвесторлар шаруашылықтан түсетін пайданы есептеп жатыр. Әзірше көктемнен бастап эксперимент ретінде аздаған форель өсіріліп көреді. Жерсініп кетсе, 2021 жыл соңына дейін шаруашылық жұмысын бастауы мүмкін.

Мұзтау қалай пайда болды?

Фото: Нұртай Бердәзім

Кеген ауданының Шырғанақ ауылына барар жолда ел аузында «Мұзтау» аталып кеткен жер бар. Негізі бұл — әр қыс сайын қататын су. Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков бұл аймақ саздауыт келгендіктен жерасты суы жер бетіне жақын ағатынын айтты. Сол себепті ұңғыма бұрғыланып, құбыр арқылы артезиан суы тартылады екен.

Осы ағыс қысымынан құбыр тесіліп, одан су атқылаған. Халық тесілген жерден жоғары құбыр тартып қойыпты. Ол қыста қатып, Мұзтауға айналады.

Мұзтау әр жылы ауа температурасы мен жел бағытына байланысты түрлі формада болады. Биыл биіктігі 14 метрге жетіп тұр. Атқылап тұрған су температурасы плюс 12-14 градус. Мұзы маусымда бір-ақ ериді екен.

Мұзтау жеке шаруашылыққа тиесілі. Айналасына малға беретін шөп егіледі. Артезиан суы сол егінді суаруға пайдаланылады.

Ерекше қорғаудағы жер де емес. Көруге әркімнің құқы бар. Біз барғанда айналасы көруге келген елдің көлігіне толып қалыпты. Одан бөлек, жақын маңдағы ауыл балалары құбыр маңын сырғанақ етіп, ойнап жүр екен.

(Басты фото: Көлсай. Zohan TV түсірген видеодан скрин)