Қазіргі журналистикадағы аса маңызды проблема қайсы?
Кәсіпті алғаш бастаған жылдары өзім жұмыс істеген сайттың түпкі мақсаты мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізу екенін білдім. «Аудиторияны осыншаға жеткізсек, жағдайымыз оңалып кетеді» деген түсінік болды. Мақала мен жаңалық тақырыптарын да әлгі «ұлы мақсатымызға» қол жеткізу үшін қызықтырып қоюға тырысамыз.
Мемлекеттің ақпарат саясаты аясында пайдалы деректі көпке тарату үшін бюджет есебінен қаржы алу әбестік емес сияқты. Бірақ сөз бостандығы жылдар бойы шектеліп, санаулы ғана тәуелсіз басылымы қалған Қазақстан билігіне «мемлекеттік тапсырыс» үлестіру науқаны БАҚ-ты бақылап, оны «еркіндік шеңберінен» шығарып алмаудың таптырмас құралына айналды.
Осы арқылы қалаған кезде аузыңды жабады. Ашатын уақытты да өзі айтады. Елдегі мыңдаған БАҚ мемлекеттік тапсырыс аясында жан бағып отыр. Биліктен қаржы алмай жұмыс істеу керегі жайлы кез келген талқы соңы «қаншама тілші табыссыз қалады» деген аргументке келгенде тоқтайды. «Бәрінің үйде баласы, мойнында кредиті бар».
Мемлекеттік тапсырысқа тәуелді екеніміз сонша, онсыз журналистика жұмыс істемейтіндей көрінеді. Биліктің тәуелсіз басылымдарға түрлі шектеу қойып, табыссыз қалдыруы, ал айтқанға көнгенді есепсіз ресурспен, ақшаман қамтитын жылдар бойғы саясаты «журналистика мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істемейді» деген түсінікке әкеліп тіреді. Мұны кәсібилігіне еш күмән келтірмейтін аға буын да айтады. Оқырманның қаржылай қолдауымен ғана жұмыс істеп жүрген әріптестердің осы түсінікті жоюдағы жұмысына асқан құрметпен қараймын.
Журналистика ақпарат тарату ғана болуы керек пе?
Журналист тек ақпарат таратушы болуы керек. Бірақ бұл менің ойым ғана.
Тәуелсіз саяси көзқарасын білдіруден тартынбайтын, материалдарында позициясы байқалып тұратын әріптестердің еңбектерімен танысып отырамын. Бірақ ол не деп аталатынын білмеймін. Азаматтық журналистика ма? Қос қолдап қолдаймын. Басшылық бұйрығынан соң амалсыз басқаларды қаралайтын материал әзірлейтіндер де бар.
Ресейде кейінгі күндері өткен митингілер кезінде ұсталған қыздың полиция оны «пакетпен тұншықтырғаны» туралы әңгімесін кремльшіл БАҚ-тың «тым қатты қобалжып кеткен адамға тыныс алуын дұрыстау үшін пакет берген» деп көрсеткеніне жұрт аң-таң. Бұл ақпараттық соғыс не тойтарыс беру емес, жиіркенішті әдіс, адамдықтан түбегейлі айырылу деп жатқандар көп. Журналистердің қандай мәселелер бойынша жауапкершілігі күшеюі керегін білмеймін, бірақ өзің әзірлеген материал үшін жақындарың мен жұрттан өмір бойы ұялатындай деңгейге түспеген дұрыс сияқты.
Қоғамдағы көпшіліктің пікірі мен талғамын негізге алатын популистік журналистика туралы
Қазақ аудиториясы шынымен жеңіл-желпі дүние оқиды дегенге қандай да бір зерттеу бар ма екен өзі? Жылдар бойы «әлдебір әншінің тағы бір рет балалы болғанын», «актердың жеке өмірінің құпияларын айтып, жаға ұстатқанын» жазып келе жатқан әріптестер ілуде бір экономика не қаржы тақырыбында мақала жазып, онысы оқылмай жатқанына ренжігенде таң қалам.
Сол нәрсені тұрақты жазып, аудиторияңызды сапалы материалдарды оқуға үйрету керек шығар? Әлеуметтік желідегі жазбаны көшіріп қоя салмай, «жеңіл-желпі дүние оқитын» аудитория алдындағы жауапкершілікті күшейту керек пе еді? Білмеймін, бірақ «кінә» бір жақтан емес.
Танымал адамдардың өмірі мен жаңалықтары жайлы жазуды журналистика емес деуге хақым жоқ, бірақ журналистика этиканы да естен шығармағаны дұрыс сияқты.
Мемлекеттік ақпарат құралдарының қандай артықшылығы бар?
Мемлекеттік ақпарат құралдарының ең басты артықшылығы — ақша. Миллиардтаған теңге кәсіби мамандарды жалдап, қаншама сапалы өнім жасауға жетеді. Интеллектуал бағдарламалар әзірлеп, мазмұны зор деректі фильмдер түсіруге, шалғай жатқан ауылдардан репортаж дайындауға — ресурс бәріне жетеді. Көрермен ретінде мемлекеттік арналар мен басылымдардан көріп-оқып жүргеніңіз көңіліңізден шыға ма, жоқ па, білмеймін, бірақ салық төлеуші ретінде өзім көрген сапасы жақсы өнім саусақпен санарлық.
Тағы бір артықшылығы — ашықтық. Ауыл әкімдігінен бастап Ақордаға дейін журналистерге алалай қарайтынын білеміз. Бейтарап не тәуелсіз журналист әкімдіктегі қарапайым маманға қол жеткізу үшін қанша күшін сарп етеді: күзетшімен қырылысады, жіберген сауалына апталап жауап күтеді. Ал «мемлекеттік саясатты жүргізетінін» ашық айтатын билікшіл арналарға кез келген деңгейдегі шенеунік «өз адамындай» қарайды. Есік әрдайым ашық.