Бельгиялықтар Қазақстанға қаржы салуға мүдделі

Банкирлер, кәсіпкерлер, дипломаттар мен Валлонии аймағы инвестициялық агенттігінің өкілдері өзара тиімді байланыс орнату үшін өзара пікір алысып, ақпарат алмасты. Қазақстан мен Бельгияның ортақ мүддесі не? Алшақ тұстары қайсы? Осы сұрақтарға жауап табуды көздеген екі елдің іскер топ өкілдері, дипломаттар мен банкирлер Қазақстанда бизнес жасаудың жаңа шарттары бар екенін айтты. Қаржы салса, ұтылмайтын салаларды атап өтті. Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Алмаз Хамзаев елімізде қолға алынған реформалар мен қолжеткен жетістіктерге тоқтала келе, еуропалықтар үшін визасыз қатынау туралы әңігмелеп, бельгиялықтарды қазақ еліне инвестиция салуға шақырды.

Асқар Намазбаев, Қазақстандағы ЕДҚБ директорының орынбасары: — Жібек жолы дамитын болса, инвестиция тартуға әлеуетті болар еді. Әрине, бұл серіктестерімізді қызықтырары сөзсіз. Оларды тек инфрақұрылымға қаржы салып ғана қоймай, оны Еуроодақ пен Азия арасында сауда-саттық жүргізу үшін де пайдалану мәселесі толғандырады.

Тараптар келер жылғы көктемде Қазақстанда тағы бір кездесіп көретін болып келісті. Бельгия бизнесмендерінің айтуынша, елімізде бірлескен бизнес ашу үшін, әсіресе жаңа Жібек жолын дамытып, бірге жұмыс істеу үшін талқылайтын мәселесі көп.

Шанталь Де Блё, Awex инвестагенттігінің бас менеджері: — Посткеңестік елдермен өмір бойы жұмыс істеп келемін. Қазақстанның қазір жеткен деңгейін көзбен көріп те жүрмін. Бұл елдің адымдап алға басқанын айғақтайды. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері қалай дамыса, әрі қарай да өсіп-жетіле беретініне сенемін.

Дереккөз24.kz