Шеберхананың ғимараты жақында ғана пайдалануға беріліпті. Түрлі бұйым жасауға керек арнайы құрылғылар орнатылып та үлгермеген. Осыған қарамастан Марат ұстаның 35 көмекшісі жұмыста жүр.
Орталық біз секілді жандарға арналғандықтан қасыма денсаулығына байланысты жұмыс таба алмай жүрген адамдарды аламын, — дейді Марат Темірханов.
Қызметкерлер таңғы тоғыздан кешкі беске дейін жұмыста. Сенбі-жексенбі — демалыс. Әйелдер газеттен себет тоқиды, ерлер ағаштан гүлге арналған жәшік жасайды. Мұнда істейтіндер — I топтағы мүгедектігі бар жандар.
Әйелдер жұмысты үйде отырып атқара береді. Ем-дом алып жүрген жандар үшін сыртқа шықпай-ақ қойған да қолайлы.
Бірақ бұл жолы жұмысшылардың бәрі шеберханаға жиналыпты.
300 жәшікке тапсырыс келді. Соны дайындап жатырмыз. Көкөніс сататын саудагерлерден ағаш жәшіктерді сатып аламыз. Соның ағашын кесіп, түзулеп, осындай кішкентай жәшік жасаймыз. Ал себет тоқуға керек газетті типография сатады, — дейді шебер.
Ағаштан бұйым жасау өнері Марат ағаға әкесінен дарыпты. Бала кезінде қасында жүріп, біраз нәрсені үйренген екен.
Төрт жыл бұрын жол апатына түсіп, тромб (ұйысқан қан) алдым. Дәрігер бір аяғымды кесіп тастады. Әйелім менен де, баласынан да бас тартты. Қызым 1-класқа да бармаған еді. Сосын бірден ес жидым. II топтағы мүгедектігім үшін мемлекет 50 мың теңге береді. Бірақ әрі қарай қамдануды ойладым. Бірден әкемнен үйренген қолөнермен айналысамын деп шештім. Әкімдік осы орталықта кәсіппен айналысуға мүмкіндік берді, — дейді ол.
Марат аға орталыққа жаңа келгенде, мұнда ештеңе болмаған екен. Идеясын ұсынып, жұмысты бірден бастап кеткен. Кейін сұраныс та көбейіпті. Бұл жердегілер себет пен жәшік қана емес, ротанг материалынан жиһаз да дайындайды.
Көктемдегі карантинде жұмысты үйге ауыстырдық. Жүк көліктері ғана материал мен тауар тасып отырды. Тапсырыс бұрынғыға қарағанда азайғанымен, жұмыс тоқтамады, — дейді ұста.
Мүгедектігі бар кез келген адам орталыққа барып, жұмыс істей алады. Жаңа қызметкер үш күн бойы оқып, үйренеді.
Есімде қалған сәт – ауруханадан шыққан кез. Қатты түңілдім, бірақ қызым деп орнымнан тұрдым. Жасап жатқанымның бәрі қызымның болашағы үшін. Ұятты да, қорқынышты да ұмыттым. «Көзім көреді, екі қолға бір күрек табылады, төсекте жатқан жоқпын, жүре аламын» дедім де, ештеңеге қарамай бастап кеттім, — дейді ол.
Мемлекет есебінен протез салдыруға мүмкіндік бар. Бірақ Марат ағаның аяғы протез киюге тым қысқа екен.
Дәрігерге «Ұзындау етіп қалдырыңызшы, протез кие алмай қаламын ғой» деп айтпаппын, — дейді Марат аға.
Иә, шеберханада отырып, ұстаның ерекше көңілді, әзілқой адам екенін байқадық.
Біз сияқты адамды көп жер жұмысқа алмайды. Себебі аздап күдіктенеді, қорқады. Жалпы, мүгедектігі бар адамдардың өмірі қоғамды онша қызықтыра бермейді. Сондықтан біздің қолдан осындай дүниелер шығып жатқанын ел білгенін қалаймын, — дейді ұста.
Марат ағаның қызы қазір ауылда. Ол жақтың мектебі офлайн оқып жатыр екен. Бір жағынан, қалада адам көп, вирустан аман жүрсін деп апарып тастапты.
Есімде, қызымды 1-класқа өзім алып бардым. Қолымда шар, гүл. Қызым бір балдағымнан қысып ұстап алған. Қарасам, бүкіл оқушы мамасымен жүр. Балам аздап біртүрлі болып қалды. Жүрегім ауырды. Бірақ білдірмей, көңілін көтеруге тырыстым. Кептер сатып алып, оны ұшырдық. Әйтеуір мектепке алғаш барған күнін әдемі етуге барымды салдым, — дейді Марат аға.
Күнделікті күйбең тірлік пен өткен оқиғаны Марат аға жұмысқа кіріскенде ұмытады екен.
Әкемнің мені қолөнерге баулығаны қандай жақсы болған. Ағаштың қиюын тауып, келістіріп, құрастырып отырғаннан рахат аламын. Ұжым болып бұйым жасаудың қызығына кіріп кетеміз. Бұл да үлкен еңбек, — дейді шебер.
Ұста қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға кейде менсінбей қарайтынын айтады.
Көлеңкеде қалғымыз келмейді. Қолымыздан іс келеді, тіпті 12 мүшесі түгел кей адамнан асыра жасаймыз. Бірақ қоғамнан түрлі ниет көремін. Балдақпен кетіп бара жатқанымды байқаған біреулер «Ей» деп шақырады. «Көмектескіңіз келген шығар, бірақ ешқашан «ей» деп сөйлемеңіз» деймін, — дейді Марат Темірханов.
Біз 2-3 сағаттай болып, қайтуға дайындалған кезде шеберханадағы жұмысшылар тапсырыспен берілген 300 жәшіктің 100-і дайын екенін өзара айтып жатты.