«Бар уайымды концерт залы сыртында қалдыруды қалаймын»

Концерт тамашалауға барғанда ұйықтауға болмайды. Бірақ, байқасаңыз, жан тынышталғанда ұйқы келеді. Классикалық музыканың ми тынықтыратын сондай әсері бар.

Еуропаға гастроль сапармен жиі шығамыз. Ол жақта классикалық музыка қатты бағаланады. Билет құны 100 еуродан басталады, бұл — бір адамның 3-4 күн өмір сүруге жететін қаржысы. Билеттер концертке 1-2 ай қалғанда-ақ сатылып кетеді. Бір елдегі концертке басқа мемлекеттерден ұшып келіп тамашалайтындар қаншама. Еуропа тыңдарманы қай жерде пиано, қай жерде форте ойналып жатқанын түсінеді, музыканттың өмірбаянын, шығармасын өте жақсы білуі мүмкін.

Көрермен концертке жасанып келеді. Әйелдер шашын сәндейді, басына шляпа киеді, ерніне қызыл далап жағады. Мен мұндалап тұрған ештеңе жоқ, сөйте тұра көзің тояды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Концерт екі сеанстан тұрады. Бірі біткен соң 30 минут үзіліс жарияланады, көрермен дәлізге шығып, шампан ішеді. Концертті талқылайды. Сол сәттен ләззат алады. Екінші сеанстан кейін кішігірім кафелерге кіріп, демалысты әрі қарай жалғастырады, әңгімелеседі. Біздің елдің көрермені де осылай демалса екен деймін. Жұмыс, ақша табу және басқа да уайымды бір сәт болсын концерт залы сыртында қалдырып кеткенін қалаймын.

«Instagram-парақшада танымал әндерді ойнап, жүктей бастадым»

Бұл үшін әуелі виоленчелді білетін, оның үнін сүйетін үлкен аудитория жинауды көздедім. Виолончелді қабына салып, арқалап жүргенімді көргендер «мынауың домбыра ма, әлде гитара ма?» деп сұрады. Тіпті «фортепиано көтеріп жүрсің бе?» дегенді де естідім. Виолончелді көбі біле бермейтінін ұқтым. Содан кейін танымал поп-музыка, халық әндерін аспапқа салып, әлеуметтік желіде видео жариялай бастадым. Бірден классика ойнап бастасам, аудиториям қазіргідей көбейіп кетпес еді және ә дегеннен тыңдарманнан осындай жылы пікір ала қоюым екіталай болатын.

Желідегі қолданушылар «виолончель адамды жалықтырмайтын аспап екен» деп жиі айтады. Дегенмен жұрт жаппай тыңдайтын шығарманы ғана ойнап жүре беруге болмайды, классиканы да қосу қажет. Қай жағынан алып қарасаң да, классикалық музыка — биік өнер.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Бағжан Октябрь — Клайдикс (@clvdeex)

Бірде әлеуметтік желіде «Мені не себепті тыңдайсыз?» деген сауалнама жүргіздім. Көпшілігі «демаламын, проблемаларды ұмытамын» деп жауап берді. Біз қазір бұған дейінгі замандармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы өмір сүріп жатырмыз. Бірақ жайлы, қажет дүниенің бәрі толып тұрған дәуірде әлсіз жандар пайда болуы мүмкін. Адамдар стреске, күйзеліске түсуге бейім болып жатады. Оның бәрі — заңды нәрсе. Сондай кезде классикалық музыкамен көңіл аулау, ми мен жан тыныштығын көбірек ойлау керек.

Таңшолпан Бегалықызы мен Бағжан Октябрь сұхбат кезінде. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Instagram-парақшадағы видеоларды түсіруге Аружан, Дина деген қарындастарым көп көмектеседі. Мен орындап жүрген музыканың бәрін Аружан жазады, Дина сырт келбетіммен айналысады, видеоға түсіреді. Үшеуіміз — командамыз.

«Көрермен мен артист арасында шекара болмасын»

Былтыр 6 желтоқсанда алғаш рет жеке концерт өткіздім. Өзім — ұйымдастырушы, өзім — орындаушы. Билетті де өзім саттым. Пандемияға байланысты тек 80 орынға рұқсат етілді. Тым болмаса, 20-30 адам келсе екен деген үмітпен желіде концерт өтетінін хабарладым. Сенесіз бе, 80 билет 1 сағатта сатылып кетті. «Билет алар едік, үлгермедік» дегендер үшін сол күнге тағы бір сеанс ұйымдастырдық. Оның да билеті әп сәтте таусылды.

Көрерменмен арамызда шекара, кедергі болмасын дедім. Кәдімгі сахна болмады, тыңдарманмен бір деңгейде отырдық. Жаныма бөтелкемен су әкеп алдым. Мұндай «мен — артист, ол — көрермен» дегенге келмейтін атмосфера қонақтарға өзін жайлы сезінуге мүмкіндік береді. Концерт залына қысылып кіргендер емін-еркін отырды.

Виолончелді көзді жұмып тұрып, рахаттана тыңдағандарды көрдім. «Ана туралы жырды» ойнағанда көрермен қосылып айтып кетті.

Аудиторияның классикалық музыканы тыңдап үйренгенін, содан ләззат алғанын қалаймын. Алғашқы концертімде музыканың бұл түрінен Фредерик Шопеннің прелюдиясын, Ғазиза Жұбанова арияларын орындадым. Мектепте оқып жүргенде Жұбанова ариялары сүйікті шығармам еді. Жеке концертімде орындауды армандадым. Ол күнге де жеттім.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Концертке көрермен де, мен де ләззат, әсер алуға, демалуға бардық. Іздегенімізді таптық. Соған ризамын.

Алдағы уақытта Алматыдан басқа өңірлерге де барып, виолончелмен концерт қоюды жоспарлап жүрмін. 2021 жылы аймақтарда төрт-бес концерт өткіземіз.

Музыканттар пандемияда қалай күн көріп жүр?

Белгілі бір аспап меңгерген мамандар әдетте оркестр құрамында өнер көрсетеді, оған қоса мектепте немесе жоғарғы оқу орнында сабақ береді. Бірақ бұл екі жалақыны қосқан күннің өзінде көп ақшаның басы құралмайды деп ойлаймын. Өзім «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік ансамблінде және «Алатау» дәстүрлі өнер театрында істеймін. Бұл мекемелерден айлық алып отырмын. Ақшаның соңында кетуге болмайды, жақсы көретін дүниемен айналысқан дұрыс. Сол ісің ақша алып келеді. Сондықтан, мүмкін болса, айлыққа қарап отырғым келмейді.

Карантин кезінде біз де қашықтан жұмыс істедік, айлық жүріп тұрды. Демалдық, отбасымызға көңіл бөлдік. Жұмыстан бөлек неше түрлі идея келе бастады. Мысалы, Instagram желісіне алғашқы видеоны 2020 жылдың сәуірінде салдым. Әлеуметтік желіге арнап видео түсіру — осы пандемия кезінде қолға алынған бастама. Бұған дейін ойымда болса да, мойным жар бермей, бір жағы уақыт болмай, қорқып, қобалжып жүрген едім. Карантинді мақтаудан аулақпын, әрине. Дегенмен бұл кезең бір сәт ми мен денені тынықтырып, арман-мақсатымызды қолға алуға мүмкіндік берді.

Басқа музыканттар да қол босап, шын шығармашылығына көңіл бөлгенін байқадым. Жаңа ән шығарып, музыка жазғандар бар.

Бірақ «той жоқ, қиналып қалдық» деп айтқан өнер иелері видеосын да көзім шалып қалды. Бірден өшіріп тастадым. Өнерге деген екі түрлі көзқарасты байқадыңыз ба? Біреулер жүректен шыққан өнер тудырғысы келеді, екіншілер ақша табу құралы ретінде ғана қарайды.

Виолончель ойнаудың талабы бар ма?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Менің саусағымның басы ірілеу келген, бұл виолончель ойнауға жақсы. Тырнақ тұсындағы еті қалың және еті жұмсақ саусақтар бір пернеде түрлі үн шығаруы мүмкін. Әрине, бұл осы аспапты ойнаудағы басты қасиет емес. Жалпы алсақ, виолончель иесіне қойылатын белгілі бір талап жоқ.

Классикалық музыкада есту қабілеті мен ырғаққа көп мән беріледі. Әсіресе, виолончелист пен скрипкашылардың есту қабілетіне мұқият назар аударылады. Өйткені бұл аспаптарда перне жоқ. Нотаны тек құлақпен тауып аламыз.

Негізі классикалық музыка аспабын орташа дегеннің өзінде 6-7 миллион теңгеге алған дұрыс. Бар мәселе — аспаптың жақсы дыбыс беруінде. Менікі өте арзан тұрады. Музыка аспабы «шаршамайды», қайта уақыт өткен сайын үні жақсара түседі.

Өнер мектебінде оқығандар әу баста сабаққа аспапты жақсы көргендіктен бармайды. Бала ғой, көңілі далада. Жоғары сыныптарға дейін әке-шешесінің айтуымен, жөн сілтеуімен жүруі мүмкін. Менің анам қатал болды, ісіме, сабағыма тап-тұйнақтай болуға баулыды. Әкем — өнер адамы, гастроль сапарлармен жүретін. Екі қарындасым, мен — әке-шеше еңбегінің көрсеткішіміз.