Тауарды онлайн сатып алғанда екі есе абай болу керек. Себебі онлайн-шопингте қолданушы дүкен сайтында өзіне қатысты жеке ақпараттарды көрсетіп, қалдырады. Динара Наметованың сөзінше, онлайн саудада ең бірінші ескеретін жайт — затты ресми сайттан немесе тексерілген онлайн дүкеннен алу.

Шетелдік әлдебір Онлайн дүкенке кірсеңіз, алайда оның сапалы қызмет көрсететініне күмәніңіз болса, арнайы ресурсқа, мысалы, Trustpilot.com сайтына кіріп, дүкен атауын жазып, ол туралы пікірлерді оқуға болады, — дейді финансист.

Екіншіден, сайттың қорғалған-қорғалмағанына мән беру керек. Оны анықтаудың мынадай жолы бар:

  • Браузердегі сайт мекенжайы жазылып тұрған жерде құлпы белгісі дүкеннің қорғалғанын білдіреді;
  • Сайттың сілтемесі «https://» деп басталуы қажет, мұндағы «s» — «secure», яғни қауіпсіз дегенді білдіреді;
  • Сайттың сілтемесін белгілегенде, ол жасыл түске боялса, қауіпсіз деген сөз. Бұл ресурстың сенімді екенін және толық тексеруден өткен нақты компанияға тиесілі екенін айтып тұр;
  • Сайттың сілтемесі жазылып тұрған жердегі құлпы белгісін басып, веб-парақшаның қауіпсіздігі туралы қосымша дерек оқуға болады.

Үшіншіден, онлайн шопинг жасамас бұрын тауардың қайдан, қанша күнде келетінін және қайтару ережесін біліп алу керек. Бірде мен Нидерландының сайтынан тауар алдым. Бірақ ол екі айдан соң Қытайдан келді, — дейді Динара Наметова.

Төртіншіден, онлайн шопинг жасайтын гаджетке антивирус орнатып алуды ұмытпау керек.

Бесінші ереже — ашық WiFi-ға қосылмау. Кері жағдайда жеке деректердің ұрлану қаупі бар.

Алтыншыдан, онлайн шопингте банк картасын немесе Paypal сияқты онлайн сервисті қолдану керек.

Мұндай кезде адамға қаржылық сауат көмектеседі. Банк картасында тек тауардың сомасы болғаны жөн. Сондықтан күнделікті тұрақты қолданатын емес, тек онлайн төлемге арналған бөлек карта ашып қоюға да болады, — дейді финансист.

Онлайн сатып алуда ең маңыздысы — логикамен ойлау.

Белгілі бір брендтің тауары арзан бағада тұрса немесе IPhone-ды сауалнама толтырғаныңыз үшін ғана бермек болса, логиканы қосып, «бұл қисынға келе ме, жоқ па?» деп ойлану керек, — дейді Динара Наметова.