ПАРЛАМЕНТ

Парламент — заң шығару биілігін жүзеге асыратын қос палаталы ең жоғары өкілді орган. Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, депутаттардың құқық жағдайы Конституциямен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен және басқа да заңнамалық актілермен айқындалады.

Парламенттің өкілеттік мерзімі Мәжіліс депуттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады. Парламенттің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайларда және көрсетілген тәртіппен ғана мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: Сенаттан (жоғарғы палата) және Мәжілістен (төменгі палата) тұрады.

СЕНАТ

Сенат құрамына әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және республика астанасынан екі адамнан кіреді. Тағы 15 депутатты Президент тағайындайды.

Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір 3 жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6 жыл.

Сенатты Палата депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Сенат төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Мәулен Әшімбаев. Фото: Senate.parlam.kz

Әшімбаев Мәулен Сағатханұлы — Парламент Сенаты төрағасы. Әуелі 2020 жылдың мамырында Президент жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Алтыншы шақырылымда Сенат төрағасы  болып сайланды. Бұған дейін (2019 жылғы желтоқсан-2020 жылғы мамыр аралығында) Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Нұрлан Әбдіров. Фото: Senate.parlam.kz

Әбдіров Нұрлан Мәжитұлы — 2020 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болып сайланды. 2020 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған еді.

Асқар Шәкіров. Фото: Senate.parlam.kz

Шәкіров Асқар Оразалыұлы — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары. Бұл қызметке 2019 жылғы 2 қыркүйекте кірісті. Оған дейін  Президент жарлығымен Сенат депутаты болды.

МӘЖІЛІС

Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Мәжіліс 107 депутаттан тұрады. Оның 98 депутаты саяси партиялардың тізімі бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайланды. Cайлауға 5 партия – Қазақстан Халық партиясы, Nur Otan партиясы, “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, “Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы, Adal саяси партиясы қатысты.

Мәжіліс сайлауында Nur Otan партиясы жеңіске жетті. Дегенмен Мәжілісте тек осы партиядан сайланған депутаттар болады деген сөз емес, бұл Nur Otan-ның ең көп дауыс жинағанын білдіреді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сайлаушылардың жалпы саны – 11 915 903 адам. Осы тізімге енген сайлаушылардың 63,3%-і дауыс берген.

Сайлау қорытындысы:

Nur Otan партиясы – 71,09 %;
“Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы – 10,95 %;
“Қазақстан Халық партиясы” – 9,10 %;
“Ауыл” Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,29 %;
ADAL саяси партиясы – 3,57 %.

Мәжіліс депутаты болып сайлаудың 7%-тік барьерін еңсерген партияға кіретін мүшелер ғана сайлана алады. Яғни, «Ауыл» және ADAL партияларынан ешкім депутат бола алмайды.

Nur Otan Мәжіліс депутаты болатын 76 кандидаттың аты-жөнін жарияланды. Тізімді мына жерден қарауға болады. «Ақ жол» партиясы да депутаттық мандаттарды бөлді. Олардың саны — 12. Толық тізімді мына жерден көруге болады. Қазақстан халық партиясы Мәжіліс депутаты болатын 10 кандидаттың аты-жөнін жарияланды. Тізім мына жерде. Осылайша, Мәжілісте болатын 98 депутат анықталды.

Қалған тоғыз депутатты Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. Биыл сайланғандардың тізімі мына жерде.

Нұрлан Нығматулин. Фото: Kk.wikipedia.org

Палатаны жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Мәжіліс төрағасы қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.

Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы 2021 жылғы 15 қаңтарда сағат онда Нұр-Сұлтанда шақырылды. Онда Нұрлан Нығматулин Парламенттің төменгі палатасы (Мәжіліс) төрағасы болып сайланды.

Нұрлан Нығматулин әр жылдары қазіргі Нұр-Cұлтан әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары және басшысы, Қарағанды облысының әкімі, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Мәжіліс төрағасы орынбасарлары қызметіне Павел Казанцев пен Балайым Кесебаева сайланды.

ПАРЛАМЕНТ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?

Мәжiлiс депутаттары заң жобасын шығарып, оны қарауға Сенатқа  жібереді. Сенат депутаттары жобаны алған күннен бастап әрi кеткенде 60 күн iшiнде жобаны қарайды.

Жобаға Сенат депутаттарының кемінде үштен екісі дауыс берсе, ол заңға айналып, Президенттің қол қоюына жіберіледі. Мемлекет басшысы заңға бір ай iшiнде қол қояды. Болмаса, заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылау және дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады.

Парламенттің әр палатасы екінші палатаның қатысуынсыз Конституциялық Кеңестің екі мүшесін, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін 5 жыл мерзімге қызметке тағайындайды. Оған қоса, Президент мына лауазымдағы тұлғаларды Парламент келісімімен тағайындап, қызметінен босатады:

  • Премьер-министр;
  • Ұлттық Банк төрағасы;
  • Бас Прокурор;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы;
  • Жоғарғы Сот төрағасын, судьяларды;
  • Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

ДЕПУТАТТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ? 

Депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант береді: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін».

Депутаттар мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларына депутаттық сауал жолдай алады. Олардан осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми түрде сұрайды. Парламент депутатының Премьер-Министр мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банк төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорға, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi төрағасы мен мүшелерiне сауал жолдауға құқы бар.

Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқы жоқ.

ДЕПУТАТ НЕМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ?

Депутаттар жалақысы республикалық бюджет қаражатынан беріледі.

Астанадан басқа жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiнде тегiн пайдалана алатын тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi. Ол мемлекеттiк тұрғын үй қорынан беріледі.

Әр депутатқа:

       1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;

      2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi.

Бұл ретте iссапар шығындары Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.

Депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығындары төленедi.

Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторий-курорт қызметін көрсету Президент белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

Парламент депутатына мынадай жағдайда ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленедi (жәрдемақы беру уақыты 3 айдан аспайды):

  • өкілеттік мерзімі аяқталғанда;
  • отставкаға кеткенде;
  • Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайда;
  • басқа жұмысқа орналасқанша.

Қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа кезде, Парламент депутатын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

МӘСЛИХАТ

Мәслихат — әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Ол сол аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіреді және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді әрі атқарылу барысын бақылайды.

Мәслихат мынадай функцияларды орындайды:

  • аумақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту;
  • қоршаған ортаны қорғау бойынша бағдарламаларды бекіту;
  • әкім ұсынған әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару сызбасын бекіту;
  • әкімнің ұсынысы бойынша әкімдіктің жеке құрамын мәслихат сессиясының шешімімен келісу;
  • атқарушы органдар жетекшілерінің есебін қарау, мәслихат шешімін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту бойынша тиісті органдарға ұсыныс беру;
  • жергілікті бюджеттің, жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларының орындалуын бақылау;
  • мәслихаттың тұрақты комиссиясын және басқа да органдарын құру, олардың қызметі есебін тыңдау;
  • ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімдік жанынан консультативтік-кеңестің жеке құрамын әкімнің ұсынысымен бекіту;
  • ҚР Жер заңдары бойынша жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;
  • ҚР Конституциялық нормаларын, заңдарын, Президенттің актілерін, ҚР Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерін орындауға қатысу.