Бұл туралы “Қоғамдық пікір” институтының директоры Айнұр Мәжитова хабарлады.
“Қоғамдық пікір” институты 10 қаңтар күні сайлау учаскелерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама – exit poll жүргізді. Институт интервьюерлері 600 сайлау учаскесінде сауалнама өткізді. Оның ішінде 316-сы қалада, 284-і ауылда. Сауалнама Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, барлық облыс орталығы, аудандық маңызы бар қалалар, шағын қалалар, ауылдық елдімекендерді қамтыды. Сауалнаманың күні бойы 4 толқыны өткізілді. Нәтижесінде 24 мың сайлаушы қатысты. Қатесі 2% шамасында, – деді Айнұр Мәжитова.
Exit poll нәтижесі келесідей:
Қазақстан Халық партиясы – 9,03%;
Nur Otan партиясы – 71,97%;
“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,75%;
“Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы – 10,18%;
Adal саяси партиясы – 3,07%.
Сонымен бірге “Демократия иституты” жүргізген сауалнама қорытындысы да шықты. Институттың жобалар директоры Татьяна Башаринаның хабарлауынша, нәтиже мынадай:
Қазақстан Халық партиясы – 9,54%;
Nur Otan партиясы – 72%;
“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 4,93%;
“Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы – 10,2%;
Adal саяси партиясы – 3,25%.
Еске салайық, 10 қаңтарда Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Cайлауға 5 партия – Қазақстан Халық партиясы, Nur Otan партиясы, “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, “Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы, Adal саяси партиясы қатысты.
Сайлаушылар жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден бастап кешкі 20.00-ге дейін барлығы 10 060 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Республика бойынша дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды. Уақыт айырмашылығына байланысты Батыс Қазақстанның төрт өңірінде және Қызылорда облысында сағат 21.00-ге дейін созылды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сайлаушылардың жалпы саны – 11 915 903. Тізімге енген сайлаушылардың 63,3%-і дауыс берген.
Сайлауға қатысу бойынша жоғары белсенділік Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстарында байқалды. Республика бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтанда ең төмен көрсеткіш тіркелді.