Exit poll нәтижесі: Мәжіліс сайлауында Nur Otan жеңіске жетті

Бұл туралы «Қоғамдық пікір» институтының директоры Айнұр Мәжитова хабарлады.

«Қоғамдық пікір» институты 10 қаңтар күні сайлау учаскелерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама — exit poll жүргізді. Институт интервьюерлері 600 сайлау учаскесінде сауалнама өткізді. Оның ішінде 316-сы қалада, 284-і ауылда. Сауалнама Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, барлық облыс орталығы, аудандық маңызы бар қалалар, шағын қалалар, ауылдық елдімекендерді қамтыды. Сауалнаманың күні бойы 4 толқыны өткізілді. Нәтижесінде 24 мың сайлаушы қатысты. Қатесі 2% шамасында, — деді Айнұр Мәжитова.

Exit poll нәтижесі келесідей:

Қазақстан Халық партиясы — 9,03%;

Nur Otan партиясы — 71,97%;

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы — 5,75%;

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 10,18%;

Adal саяси партиясы — 3,07%.

exit poll

Сонымен бірге «Демократия иституты» жүргізген сауалнама қорытындысы да шықты.  Институттың жобалар директоры Татьяна Башаринаның хабарлауынша, нәтиже мынадай:

Қазақстан Халық партиясы — 9,54%;

Nur Otan партиясы — 72%;

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы — 4,93%;

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 10,2%;

Adal саяси партиясы — 3,25%.

exit poll

Еске салайық, 10 қаңтарда Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Cайлауға 5 партия — Қазақстан Халық партиясы, Nur Otan партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, Adal саяси партиясы қатысты.

Сайлаушылар жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден бастап кешкі 20.00-ге дейін барлығы 10 060 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Республика бойынша дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды. Уақыт айырмашылығына байланысты Батыс Қазақстанның төрт өңірінде және Қызылорда облысында сағат 21.00-ге дейін созылды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сайлаушылардың жалпы саны — 11 915 903. Тізімге енген сайлаушылардың 63,3%-і дауыс берген.

Сайлауға қатысу бойынша жоғары белсенділік Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстарында байқалды. Республика бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтанда ең төмен көрсеткіш тіркелді.