Жиын барысында Nur Otan партиясы Жаңақала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов алдағы 5 жылда атқарылатын істер туралы баяндады.
Алда сайлау келе жатыр. Аудан бойынша үш партия тіркеліп, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз — Nur Otan партиясының өкілдеріміз. 2025 жылға дейін ауданымызда жасалатын істердің барлығын Нұр-Сұлтанға барып, қорғап келдік. 2021 жылы атқарылатын істердің қаржылары бөлінді. Келесі жылдан бастап аудан орталығында бірқатар көшеге жаңадан жол салынады. Көпқабатты үйлердің құрылысы басталады. Nur Otan партиясының осы кезге дейін атқарған шаруалары көп. Ел игілігі жолында әлі де мол істер атқаратынына сенімдіміз. Сол себепті сіздермен кездесіп отырмыз, — деді.
Кандидаттар да өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Биылғы сайлау науқаны ерекше болғанын бәріңіз білесіздер. Праймериз арқылы аудан бойынша үміткерлікке түсіп, медицина бағытында өзімнің бағдарламамды жасадым. Дауыс берудің нәтижесінде ел сеніміне ие болдым. Әлемді жаулаған індет кезінде медицина саласының қызметкерлеріне ауыртпалық түсті. Сонымен қатар әрбір отбасындағы аналарға жүк түскені белгілі. Дәрі-дәрмектердің тапшылығы кезінде Nur Otan партиясы Biz birgemiz акциясын ұйымдастырып, cол арқылы көптеген науқасқа көмек көрсетілді. Алдағы сайлауда бәріңізді Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырамын, — деді Оразгүл Көбесқызы.
Серік Жәрдемалиев те өзінің сөйлеген сөзінде Nur Otan партиясының атқарған игі істерін айтып, білім саласындағы шешімін табуы тиіс мәселелерге тоқталды.
Шара соңында кездесуге жиналған азаматтар ойын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
Жанайдар Болатбекұлы
Ескерту: Материалдың ақысы Nur Otan партиясы Жаңақала аудандық штабының сайлау қорынан төленді.