Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрына «ұлттық» мәртебесі берілді

Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі Instagram-да хабарлады.

Сүйінші хабар! Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жарлығымен Әуезов театрына «ұлттық» мәртебесі берілді. Енді Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театры атандық. Қазақ театрының қара шаңырағы — Әуезов театрының 95 жылдық тарихы бар. Театр өнері корифейлерінің ізі қалған өнер ұжымын бүгінгі жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз, — делінген жазбада.

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры — Алматыдағы ірі қазақ театрларының бірі. Абай даңғылында орналасқан.

Театр 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылордада Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен ашылды. 1929 жылы театр труппасы Алматыға көшті.