Несие алуға барған едім…
Шымкенттегі Абай ауданының тұрғынымын. Мұнда 1999 жылы көшіп келгенбіз. Қазір осы Абай ауданына қарасты №95 орта мектепте педагог-психолог болып жұмыс істеймін. Құдайға шүкір, аяулы жарым, үш балам бар. Үлкен ұлым 15-те, екіншім 12-де. Олардың артынан ілескен кенжем Қырықбайым бір жарым жаста.
Мініп жүрген көлігім ескірген еді. Сатып, орнына жаңасын алғым келді. Қазіргі уақытта кез келген мұғалім Halyk Bank тұтынушысы ғой. Себебі басқаларға қарағанда пайыз мөлшері төмен. Сондықтан көлік үшін осы банкке несие алуға бардым. Сол кезде қызметкерлер ұтыс ойнатылып жатқанын, жеңген жағдайда пәтер иесі атанатынымызды айтып, шарттарын түсіндірді. Талап бойынша ұтысқа қатысушы банктің қосымшасын телефонға жүктеп, ол арқылы ұялы телефонға бірлік құюы немесе жеке басына қатысты салық төлеуі қажет екен. Барлық айтқанын орындадым. Дегенмен жеңіске еш үміттенбедім. «Әй, бәрібір өзінің адамдары ұтып алады ғой» деп ойладым.
Ұтыс болатын күні де телефоныма «Бүгін тікелей эфирде пәтер ойнатылады. Қатысыңыз» деген хабарлама келді. Шыны керек, оған да аса мән бермей, немқұрайлы қарадым. «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші» демекші, бір күні кенеттен пәтерге ие бола қалдық.
Тікелей эфир кезінде маған ұйымдастырушылар хабарласты. Жолда көлік айдап келе жатыр едім. Артымда жол полициясы қызметкерлері. Бір күн бұрын ғана полициядан ескерту алған едім. Сол себепті тікелей эфирге шығуға да мүмкіндігім болмады. Жолдың шетіне тоқтап, эфирге кірейін десем, ол инстаграм желісінде болып жатыр екен. Ал мен оны қолданбаймын да… Сөйтіп, эфирге кіру бұйырмапты, десе де пәтер бұйырды.
Бір күнде екі мереке
Алматыдан пәтер ұтып алғанымды білгенімде, жанымда әріптесім отырған. Ол қуанышты жайтты Whatsapp желісіндегі ұжымның тобына жазыпты. Ал біздің мектепте әпкем де жұмыс істейді. Сол мезетте-ақ бір хабарлама жаңалық болып тарап кетті. Келіншегім қуанышты жағдайды біреуден естіп, аң-таң болмасын деп, ең алғаш соған хабарластым. Бір қызығы, дәл сол күні жарымның туған күні еді. Осылайша, отбасымызда бір күнде екі мереке болды.
Пәтер ұтып алғанымызды білген барша тума-туыс қоңырау соғып, құттықтады. Қоңыраудың көптігі соншалық, телефоным қатып, істемей қалды. Бір адаммен сөйлесіп, кейін телефонымды өшіріп, қайта қосамын. Әр қоңырауда дәл осылай істеп отырған шығармын.
Баламыздың денсаулығы үшін Алматыға көшкіміз келген
Қазіргі пандемия кезі ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Осы тұста екінші ұлым тұмаумен қатты сырқаттанды. Ауруханаға екі рет жатқыздық. Емі дұрыс болмаған соң «Алматының ауасы таза ғой» деп нағашыларының үйіне жібергенбіз. Сол кезде «Балама сол қаланың ауасы, атмосферасы жақса, көшуге дайынбыз» деген едім. Шынымен-ақ әрең дем алған баламның Алматыда денсаулығы түзеліп қалды. Енді, міне артынан бұл қаладан пәтер алып жатырмыз. Шын ниетіммен айтқан дәл осы сөзімді Алла қабыл еткен шығар.
Қазақ деген тума-туыстан алыс кетпеген халық қой. Бір жерге жайғасқан адам болған соң бұған дейін Алматыға көшу туралы ойымыз да болған жоқ.
Еңбегімнің жемісі шығар…
Сырт көз — сыншы. Алайда ешқандай пенде өзін «жаманмын» демейді. Қанша дегенмен бұл пәтер елге жасаған қызметіміздің, еңбегіміздің бір жемісі шығар. Осы күнге дейін халыққа жасаған бір дөрекі әрекетіміз жоқ.
Кез келген жағдайға кешіріммен қарауды жөн санайтын адаммын. Өйткені бір хадисте «3 күннен артық кек сақтама» деп жазылған. Алла тағала сол қасиетіме риза болып, есебін туралаған шығар. Пенде болған соң тек жақсылыққа жорисың.
Баспанасыз жүрген әр қазаққа бұйырсын
Ұтыс ойынына сенбейтіндерді түсінемін. Алғашқыда мен де «ой, өтірік қой» дейтінмін. Halyk Bank-тен пәтер ұтып алған соң, әділ әрі адал ұтыстардың да болатынына көзім жетті. Ең бастысы — ниетіңнің таза болуы.
Жора-жолдастарым да мен пәтер алған соң сене бастады. Тіпті, «Halyk Bank-ке барып несие аламыз-ау» деп қалжыңдайды.
Қуанышымда шек жоқ. Жылы лебізін білдіріп жатқан әріптестеріме, туыстарыма және барша қазақстандыққа рахмет айтамын. Тілегім, баспанасыз жүрген әрбір қазаққа бір пәтер бұйырсын.