Данияр 9 жылдан бері керамика саласымен кәсіби түрде айналысады. Алғашқыда суретші боламын деген жігіт бұл саланы кездейсоқ таңдаған екен. Басқаша айтқанда, керамика өнері өмірінің бір бөлігіне айналады деп мүлдем ойламаған.

2011 жылы Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне оқуға түстім. Негізі суретші болғым келді. Бірақ суретші оқуының ішінде бірнеше мамандық бар екен. Қарасам, қыш өнеріне түсіп жатқандардың саны аз. Сөйтіп, грант үшін осы саланы таңдадым, — дейді шебер.

Данияр Бабашов
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Уақыт өте келе Данияр керамика өнерінің қыр-сырымен танысқан. Осы салаға деген қызығушылығы арта бастаған. Тіпті студент кезінде-ақ түрлі конкурсқа қатысып, қолөнерін ұсынып үлгеріпті.

«Шабыт» халықаралық мүсіндер байқауына қатыстым. керамикадан бұйым жасадым. Оным 3-орын иелендім. Колледжді аяқтаған соң Темірбек Жүргенов атындағы академияның қыш өнері мамандығына түстім. Себебі колледжде алған білімім аз болды, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сонымен бірге ол 6 ай Мәскеудегі Гжель университетінде оқып, тәжірибе алмасып қайтқан. Сол кезде Данияр бұл өнердің Қазақстанда кенжелеп қалғанын байқапты.

Гжель — орыс халқының ұлттық керамика өнері. Олардың тәрелкеге сурет салуын «гжель кескіндемесі» деп атайды. Оны орыс халқының бренді деп атауға болады. Себебі гжель кескіндемесін көру үшін түрлі елден келген адамдар кезекке тұрып жатады. Мен сол жерге оқуға түстім. Шеберханаларын көріп, таңғалдым. Себебі керамика жасауға барлық жағдай бар. Ойыңдағы идеяны жүзеге асыруға болады. Қазақстанмен Мәскеуді салыстыруға келмейді. Гжель университетінде тәжірибе жинадым. Ондағы оқытушыларым да қабілетімді байқап, 4-курста тағы шақыртты. Дипломдық жұмысымның 50%-ін Мәскеуде жасадым, — дейді керамика өнерінің шебері.

Бүгінде Даниярдың «Тірі қалу» (Выживание) атты бұйымы Гжель университетінің музейінде тұр. Бұл қолөнерін ол 11 ел қатысқан халықаралық байқауда жасаған.

Ол жұмысымды өзіммен бірге Қазақстанға алып кеткім келді. Бірақ халықаралық сайыстан 1-орын иеленген жұмыс музейге қойылады екен. Бұйымымның музейде тұруы үлкен мәртебе екенін енді түсініп жатырмын. Дәл сол жұмысымды қайталап жасап көрдім. Бірақ қанша тырыссам да, бір-біріне ұқсата алмадым, — дейді қыш ұстасы.

Данияр Бабашовтың жұмыстары.
Данияр Бабашовтың «Тірі қалу» атты жұмысының екінші үлгісі. Фото жеке архивінен

Жақында ол «Данияр Бабашов атындағы шеберхананы» ашты. Кез келген адам келіп, керамика үйренуіне болады. Өзінің айтуынша, қыш жасау үшін ең бастысы ниет және ұқыптылық қажет. Сонымен бірге сурет сала білгені абзал.

Қазір курс өткізіп жүрмін. Қызыққан адам бір күн келіп қатысып көре алады. Ары қарай жалғастырып әкетуге де мүмкіндік бар. Мысалы, Әлішер есімді баланың қатысып жүргеніне екі ай болды. Өзіне ұнайды, икемі де бар. Бірақ бір жасағаннан ойыңдағы дүние шықпаса, көңіл түсірудің қажеті жоқ. Сәтсіз жұмыс бәрінде болады. 2 курста Қанағат Мұстафиннің «Вазаны кім ұрлады?» атты фильміндегі вазаны жасау маған бұйырды. Пешті дұрыс қолдана алмай, фильмге дайындаған 9 вазам тасқа айналған еді, — дейді шебер.

Данияр Бабашовтың жұмыстары.
Данияр Бабашов шәкірті Әлішермен бірге. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Даниярдың айтуынша, керамика ісі — арт терапия. Бұл балалардың және ересектердің жүйке жүйесіне пайдалы.

Шеберханама бір невропотолог-дәрігер келіп, керамика жасауды үйреніп жүр. Ол да бұл істің адам денсаулығына оң әсері бар екенін растап отыр.

Данияр Бабашовтың жұмыстары.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сұхбат соңында Данияр Baribar.kz журналистеріне мастер-клас көрсетті. Қолына Қапшағайдың қызыл сазын алып, құмыра жасауға кірісіп кетті. Ең әуелі шарықта айналдыру құрылғысында сазға су араластырып, оны жібітіп, жақсылап араластырып алды.

Бұл сазды Қапшағайға барып, кез келген жерден ала салған жоқпыз. Арнайы зауыттан сатып аламыз. Арнайы тазаланып, өңделеді, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кейіннен сазды бір формаға келтіре бастады. Даниярдың айтуынша, кез келген құмыраны жасамас бұрын сазды жоғары қарай ұзынша етіп көтеру қажет.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Осыдан соң сазды ішкі жағынан ұстап, қалаған құмырасының формасына келтірді. Кейін өрнегін салды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кей адам «оп-оңай екен ғой» дейді. Мен ондай жанмен «Бірінші реттен жасай алсаңыз, бір ай тегін үйретемін» деп бәстесемін. Қолына саз алған соң барып жұмыстың қиын екенін түсіне бастайды, — дейді қыш ұстасы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Құмыра дайын. Бірақ жұмыс әлі толық аяқталған жоқ. Әуелі құмыра өз бетімен кебуі қажет. Кейін 900° градус ыстық пешке 9 сағатқа жіберіледі. Пештен шыққан құмыраның сыртына арнайы пигменттермен сурет салынады. Кейін түссіз глазурьмен құмыраның сырты жабылады. Дайын құмыра тағы бір рет 1250°-1300° градус пеште 10 сағат күйдіріледі. Соңында бұйым жылтыр (глянцевый) болып шығады.

Осындай бір әдемі құмыраны жасауға жеті күн керек. Өз басым жеті күнде 7 құмыра дайындаймын. Байқағаныңыздай, керамика өнері көп уақыт пен шеберлікті қажет етеді, — дейді шебер.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тағы да оқыңыз: Әлиасқар Мұсаев: Мемлекет керамика өндірісіне мойын бұруы керек