Басты бетҚоғамҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі жолды жөндеуді тапсырды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бейбіт Атамқұлов мемлекет басшысына 2020-2025 жылдарға арналған индустриаландыру бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар егжей-тегжейлі баяндады.

Бейбіт Атамқұлов пандемияға қарамастан жыл басынан бері өнеркәсіп саласы 3,2% өскенін айтты. Сонымен қатар жыл соңына дейін инвестиция көлемі 995 миллиард теңге болатын 200 жоба іске асады.

Министр жыл басынан бері «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырым автомобиль жолы пайдалануға берілгенін айтты. Еларалық жүк тасымалы да өскен. Атап айтқанда, Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы тасымал 61,6% көбейген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 14,1 миллион шаршы метр тұрғынүйді пайдалануға беру жоспарланған. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 15 миллион шаршы метрге жеткізу көзделген. Ал 2025 жылға дейін барлығы 103 миллион шаршы метр баспана салынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбіт Атамқұловқа жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу, арендалық баспана құрылысын арттыру, сонымен бірге ведомствоның негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.