Қазақстан экономикасы қашан қалпына келеді?

COVID-19 кесірінен 2020 жылдың қаңтар-тамыз айында ішкі сұраныс азайды. Оның үстіне, мұнай бағасының аяқ асты төмендеуі ел экономикасын 3%-ке қысқартты. Локдауннан көбіне қонақ үй бизнесі, бөлшек сауда, саяхаттау және демалу саласы қызметі үлкен зардап шекті. «Еуропа мен Азияға экономикалық шолу: COVID-19 және адам капиталы» есебінде Қазақстандағы тасымалдау жүйесінің бұзылуы мен валютаның құнсыздануы инфляцияны жоғарылатқаны жазылған. Ал бұл, өз кезегінде, кедейлік деңгейін арттырады.

Пандемия қарсаңында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8% еді. Шілде айында бұл көрсеткіш 5%-ке жетті. Алайда штатта жартылай істейтін және өзін жұмыспен қамтыған азаматтарды қоссақ, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болар еді. Күніне 5,5 доллардан (қазіргі курспен 2355.87 теңге) аз ақшаға өмір сүретіндердің саны, яғни кедейлік көрсеткіші 2020 жылы ең тәуір дегенде 8,5% болуы мүмкін. Ал жағдай күрт нашарлап кетсе, көрсеткіш 12,7%-ке жетеді.

Наурыз айында теңге АҚШ долларына қатысты алғанда шамамен 15%-ке құнсызданып кетті. Бұған мұнай бағасының арзандауы әсер етті. Алайда мұнай бағасы қайта көтерілген соң және Қазақстанның Ұлттық Банкі интервенция жүргізгенен кейін теңге жоғалтқан процентінің үштен бірін қайта қалпына келтіріп алды.

Жыл соңына дейін қазіргі инфляция қалпы осы күйінде сақталуы мүмкін. Ал 2021 жылы экономика ақырындап қалпына келе бастауы керек. Өйткені пандемияға байланысты ақаулар біртіндеп жоғалып, сыртқы сұраныс арта түседі. Бірақ пандемия бизнеске әсер етіп, жұртты жұмыспен қамтуды шектеді. Сәйкесінше экономика пандемияның алдында қауқарсыз болып қала береді. Мемлекеттік қарыз елдің ЖІӨ-сінің 30%-іне дейін өсіп, сол көрсеткіште тұрақтанады деген болжам бар.

Орталық Азияның басқа елдерінде жағдай қалай?

Пандемия кесірінен бұл өңірдегі барлық елде кедейлік көрсеткіші өсіп жатыр. 1,8 миллион адам кедейлер қатарына кіруі мүмкін, жағдай тіпті қиын болса, олардың саны 2,6 миллионға жетеді.

Қырғызстан пандемиядан көп зардап шеккен елге жатады. Оның экономикалық көрсеткіштері Ресей мен Қазақстандағы жағдайға, елдегі басты сауда серіктестеріне байланысты болып тұр. Мемлекет эпидемиология жағдайын дұрыс басқара алса, сыртқа сұраныс өссе, 2021 жылы экономиканың өсуі 4,8%-ке жетуі мүмкін.

Вакцина әзірлеу сәтті болса немесе коронавирусқа қарсы дәрі шықса және ақша аударымы көлемі мен сыртқа сауда қарқыны қалпына келсе, Тәжікстан 2021 жылы жалпы ішкі өнімінің көрсеткішін 3,7%-ке жеткізуі мүмкін.

Пандемия Өзбекстанның жалпы ішкі өнімін түгелдей дерлік семдіріп тастады деуге болады. Дегенмен вируспен ауыратындар саны азайса, ел бойынша карантин қайта жаряиланбаса және дүниежүзі экономикасы қалпына келсе, елдің 2021 жылдағы ЖІӨ-сі 4,8-5%-ке жетуі мүмкін.

«Еуропа мен Азияға экономикалық шолу: COVID-19 және адам капиталы» есебінде COVID-19 Орталық Азиядағы онсыз да әлсіз денсаулық сақтау жүйелеріне қатты кері әсер еткені көрсетілген. Аймақ халқының 16%-тен астамы семіздікке ұшырайды, шамамен 12%-і анда-санда алкоголь ішеді және 18%-і темекі шегеді. Оысған байланысты қатер жүрек-қан тамырлары ауруларының ықтималдығын жоғарылатып қана қоймай, оған қоса өлім деңгейін және жұқпалы аурулардың, соның ішінде COVID-19 асқынуын арттырады делінген халықаралық ұйым есебінде.