Президент: Биыл берілетін тұрғын үйлерді уақытында тапсыру керек

Қасым-Жомарт Тоқаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің биылғы 7 айда атқарған жұмысының қорытындысы, сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы есебін тыңдады.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, пандемия салдарынан болған дағдарысқа қарамастан министрлікке қарасты салалар оң нәтижелерге қол жеткізген.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 61,3 мың отбасының тұрмыстық жағдайы жақсарғанын айтты. Сонымен бірге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар 9,8 мың шақырым жолдың құрылысы және қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жыл соңына дейін Индустрияландыру картасын жүзеге асыру бойынша еліміздің барлық өңірінде 160 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Президент өңдеу өнеркәсібін одан әрі ынталандыруға және ішкі нарықты толық қамту мақсатында өңделген өнімдердің үлесін арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған тұрғын үйлерді уақытында табыстаудың маңызды әлеуметтік міндет екенін айтты.