Басты бетБілімСот Мұхамеджан...

Сот Мұхамеджан Тынышбаев академиясын бас лицензиясынан айырды

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Мұхамеджан Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бас лицензиясынан айыруға қатысты қаулыны Білім және ғылым министрлігінің пайдасына қабылдады. Сот отырысы кеше, 25 қарашада астанада өтті.

Сотта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 464-бабы 2-бөлігіне сәйкес, Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының білім беру қызметін жүргізуге рұқсат беретін бас лицензиясынан және оның қосымшаларынан айыру туралы қаулысына қатысты академияның шағымы бойынша әкімшілік іс қаралды.

Сот Білім және ғылым министрлігінің Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешімін өз күшінде қалдырып, қаулыны министрліктің пайдасына қабылдады. Академияның білім беру қызметіне қатысты комитет тарапынан жүргізілген тексеріс барысында анықталған бұзушылық фактілерін де сот растады, — деді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті өкілдері.

Еске салайық, Қазақ көлік және коммуникация академиясы 6 қазанда бас лицензиясынан айырылған еді.

Қазіргі уақытта Мұхамеджан Тынышпаев атындағы академияда 5 мыңнан астам студент оқиды. Академияда оқу ақысы білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 миллион теңге аралығында.