Олжас Ордабаевтың айтуынша, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жаңа жетінші сақтандыру жағдайымен төтенше жағдай және карантин режимінің енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға төлемін толықтырған жөн.
Бүгінде қызметін ашпаған ұйымдардың қызметкерлеріне МӘСҚ-дан төлемдер тағайындау қажет деп санаймыз. Қазақстанда төтенше жағдай режимінің тоқтауына қарамастан карантин сақталып тұр және бизнестің көп түрі қызметін әлі бастаған жоқ, — дейді ол.
Олжас пандемияға байланысты 77 мыңға жуық заңды тұлға мен 300 мың жеке кәсіпкер жұмысқа оралмағанын айтты. Бұл ретте шектеулер жағдайында 180 мың заңды тұлға және 440 мың жеке кәсіпкер жұмысын жалғастырып жатыр. Мұның бәрі 4 миллион қазақстандыққа жұмыс береді.
Олжас Ордабаев кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің деректері бойынша секторлардағы жұмыс берушілер шектеу шараларының әсерінен (сауда, тұрмыстық қызметтер, көлік, қоғамдық тамақтандыру, жалдау қызметтері, туризм және тағы басқа) қызметкерлердің шамамен 16%-ін қысқартқанын, тағы 17%-і жалақысы сақталмайтын демалыстарға жіберілгенін атап өтті. Осылайша, аталған салаларда жұмыспен қамтылғандардың 33%-і табыс көзінсіз қалды. Ең қарапайым есептеулер бойынша бұл — 1,3 миллион отандасымыз жұмыссыз деген сөз.
8 ай бойы кейбір кәсіпорын қызметін ашу мүмкіндігінен айырылған еді. Соның салдарынан жұмыскерлерге төлемдерді жүзеге асыру үшін көбінде қаражат болған жоқ, — дейді Олжас Ордабаев.
Еске сала кетейік, төтенше жағдай шектеу шаралары кезеңінде 2020 жылдың шілде және тамыз айларында табыссыз қалған адамдар үшін мемлекет 42 500 теңге әлеуметтік төлем төлеген еді (мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жалпы сомасы 475,7 миллиард теңгеге 4,6 миллионнан адамға төлем берілді).
Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі — кем дегенде 7,8%. Ол дегеніміз — 721 мың адам. Алайда еңбек нарығындағы жағдай одан да ауыр болуы мүмкін. Санитар шектеулерге байланысты жұмыс істей алмайтындар үшін локдаун кезеңіне төлемдерді жалғастыру әбден қисынды, ал бұл шамамен 1,3 миллион қазақстандық! — деп қорытындылады Олжас Ордабаев.