Басты бетҚоғамДінтанушылар Алматы...

Дінтанушылар Алматы жастарымен онлайн форматта кездесулер өткізді

Әсіресе, деструктив діни ағым өкілдері «ширк», «бидғат» түсініктерімен қазақ халқының кейбір салт-дәстүрін «дінге қайшы» деген көзқарастарын қоғамға таңып жүр. Сондай түсінікке ерген адамдар расында қазақтың кейбір дәстүрін исламға қайшы екен деп, одан бас тарту әрекеттерімен халықтың наразылығын тудыруда.

Осы орайда Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы аясында The best center of all levels қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ислам дінінің қазақ халқының салт-дәстүрлерімен байланысы» тақырыбында Алматының жоғарғы және орта арнайы оқу орындарының студенттерімен онлайн форматта кездесулер өтті.

zoom конференция

Пандемияға байланысты елдегі шектеулерді және харық арасында әлеуметтік желілердің кеңінен тарауын ескере отырып, биыл кездесулер онлайн формат негізінде жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, 2020 жылдың қазан, қараша айларында Алматының 20-ға жуық оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен Құдайберді Бағашаров пен Алмасбек Шағырбай сияқты белгілі дінтанушылар кездесіп, бірқатар пайдалы мәлімет бөлісті.

zoom конференция

Шаралар барысында дәріскерлер дін мен дәстүр ұғымының егіз екенін, деструктив діни ағымдар тарапынан жоққа шығарылып жатқан ұлттық құндылықтардың маңызын атап өтті. Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы екені түсіндірілді.

Бәрімізге белгілі салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық — өнеге тәжірибесін құраған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлім-тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Қазақ халқының бай дәстүрлерінің кейбірін қазіргі күні терістеп, шариғатқа қайшы деп түсінетіндер бар екені қынжылтады. Олар музыка тыңдауды харам деуден бастап, шелпек пісіріп тарату, бата жасау, келіннің сәлем салуын, ұлттық аспаптарда ойнауды, тұсаукесерді тағы басқа бірқатар салт дәстүрді мойындамайды.

Осы орайда дәріскерлер жастарға бұндай көзқарастардың дәстүрлі исламға қайшы екенін, деструктив діни ұйымдарының керітартпа көзқарастарына ермеу керегін кеңінен түсіндірді.

Қазақ халқының көптеген әдет, ғұрып, салт, дәстүрлері ислам дінімен астасып, сабақтасып кеткен. Жақсылыққа сүйінші сұрау, балаға азан шақырып ат қою, балиғат жасы, ер баланы сүндетке отырғызу, неке қию, жерлеу, тасаттық, басқа да көптеген адамгершілік өнегелілік құндылық дінмен бірге дәстүрге де берік енген. Сондықтан дәстүрді дінге қарсы қоюшылық ешқандай да жақсы нәтиже бермейді. Осы себепті жастарда дұрыс діни көзқарас қалыптастыру, оларды жат діни көзқарастардан қорғау күнтәртібіндегі өзекті мәселе.

Мамандар жастарға дін мен дәстүр мәселесінде дұрыс түсінік қалыптастыруға септігін тигізетін бірқатар пайдалы әдебиетті оқуға кеңес берді. Атап айтқанда: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған екі томдық «Дін мен дәстүр» кітаптары, Ш.Әділбаеваның «Сүннет салтымыз, Хадис ғұрпымыз», Е.Оңғаровтың «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» және тағы басқалары.

Бұған қоса, кездесулер барысында жат діни ағымдардың белгілері, олардан сақтану жолдары, қандай да бір сұрақ туындаса «114» қауырт желісіне хабарласу, діни дүмшелік пен діни фанаттықтан сақтану керек екені түсіндірілді.