Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі және ипотека

Қазақстанда біраз адам баспана алар кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жүгінеді. Себебі оның жинақ жүйесі бар. Соның арқасында үйлі болған адам көп. Баспаналы болғысы келетін адамға осы банктен шот ашып, үнемі ақша салып отыруға болады. Банк айына мұнша сома салу керек деген шарт қоймайды. Дегенмен тезірек баспаналы болу үшін үзбей барынша көбірек сомадан салуға тура келеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көбіне үй сомасының жартысын, яғни 50%-ін кемі 3 жылда жинауды ұсынады.

Бұдан бөлек банктің мынадай бағдарламалары да бар:

  • «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы
  • «Шаңырақ» пилот жобасы
  • «Өз үйім» бағдарламасы
  • «Әскери өнім» бағдарламасы (Әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлеріне арналған).
  • «Бақытты отбасы» бағдарламасы (Табысы төмен отбасыларға арналған).

Сонымен қатар жеке банктер ұсынатын ипотеканы да осы тәсілге кіргізіп отырмыз. Банктердің үй алуға арналған ұсыныстарын шолып, барынша қолайлы шарттарды тапсаңыз, ипотекаға үй алған да тиімді болуы мүмкін.

Айтпақшы, үйді ипотекаға аламын десеңіз, банк айына қанша ақша табатыныңызды, оны қалай жұмсайтыныңызды ескереді. Сол себепті баспаналы болғысы келетін адам несие алмағаны, ал рәсімдеп қойса, оны жауып тастағаны дұрыс. Бұл ипотеканың мақұлданылуына көмектеседі. Бірақ біржолата несие алмай қоюға да болмайды, ипотека рәсімдегенге дейін аз-аздан шағын тұтынушылық несие алып, уақтылы төлеп отырыңыз. Осының арқасында кредит тарихыңыз қалыптасады.

Ақша жинап, бірден үй сатып алу немесе салу

Бұл тәсіл бойынша адам қалағанынша қаражат жинап, ақшасын бірден төлеп, үй сатып алады. Мұның тиімді тұсы — несие мен ипотекада қосылатын процент мөлшерінің жоқтығы. Қаражат жинау үшін банктен арнайы шот ашу да қажет емес.

Үй алуға деген ақшаны депозитке салып, жинауға болады. Банк жинақтаушыға белгілі бір мөлшерде сыйақы тағайындап отырады. Банктерді бір шолып, өзіңізге ыңғайлы депозитті таңдағаныңыз дұрыс.

Кемшін тұсы — барлық адамның бірдей үй алатындай қаражаты бола бермейді. Мұндайда үйдің бағасынан төмен сомаға жер сатып алуыңызға болады. Артынша қаражат болғанда үй салуды бастап кете аласыз. Кез келген уақытта тоқтатып, кейін қайта жалғастыруға болады. Жер үй салғандар да оның баспананы сатып алғаннан арзанырақ шығатынын жиі айтады. Сонымен қатар мұндай үйді адам өзі қалағанынша құрастырып, сәндей алады.

Үйлі болуға көмектесетін жұмысты таңдау

Ел компаниялары немесе шетел ұйымдарының Қазақсандағы өкілдіктері кейде қызметкерлеріне үйлі болуға жағдай жасайды немесе жұмысшысын жалдамалы үймен қатамасыз етеді. Сонымен қатар әскери қызметкерлер мен мемлекеттік органда жұмыс істейтіндер де осындай мүмкіндікке ие. Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандарға да мемлекеттен үй беріліп жатады. Тезірек баспаналы болғыңыз келсе, өз қызметіңіз бен мамандығыңыздың үй алуға көмектесетін тұстарын қарастыра жүріңіз. Үй кезегіне жазылып қоюды да ұмытпаңыз. Мұндай тәсіл жарамаса, арнайы компанияларға ауысуыңызға да болады. Бүгінде алған біліміңіз бен қызметіңіз табыс әкеліп қана қоймай, оның сапалы өмір сүруге, материалдық жағдайды түзеуге көмегі бар.

Үйді мұра ретінде алу

Әдетте әке-шешенің үйі балаларының біріне мұра ретінде қалады. Мұны да баспаналы болудың бір тәсілі ретінде қарастырып отырмыз.

Сонымен қатар өмірден жалғыз өткен адамдар да жылжымайтын мүлігін туыстары мен жақындарына қалдырып жатады. «Көрші үйдегі кәрі әжейге көмектесіп, оны арулап жерлегені үшін үйді осы кісіге қалдырған» деген оқиғаларды да естиміз. Бұл тәсіл оңай, жеңіл табыс көрінуі мүмкін. Алайда абай болуды, аяқ асты алаяқ атанып қалмауды ескеріңіз.