«Қызым Қазақстандағы мектепте қатты қиналатын еді»
Жаннаның отбасымен бірге Торонто қаласына (Канада) қоныс аударғанына 4 жыл болды. Оған дейін Нұр-Сұлтанда тұрған. Канадаға 20 жыл бұрын көшіп кеткен туыстары шақырыпты.
Күйеуімнің барлық туысы Канадада тұрады. Солардың соңынан келдік. Бірақ «Қазақстанмен байланысымызды үздік, біржолата эмигрант атандық» дей алмаймын. Жылына екі рет елге барып тұрамыз. Отбасылық кәсібіміз де Қазақстанда, — дейді ол.
Жаннаның екі баласы бар. Екеуі де Канададағы мемлекеттік мектептің бірінші және төртінші класс оқушылары. Жанна олардың Канадада білім алғанын дұрыс әрі ыңғайлы деп есептейді. Себебі екі елдегі білім жүйесінде үлкен айырмашылық бар.
Қазақстанның білім беруі, тапсырманы қадағалауы, қатаңдығы жоғары. Ол жағынан Канада артта қалады, себебі мұнда Қазақстандағыдай 1-класс баласына жазу-сызуды бірден үйретпейді екен. Бірақ бала психологиясына ден қояды. Үйге тапсырма бермейді. Барлық керек-жарағын мектеп алып береді. Тіпті, ол заттарды үйге әкелмейді. Қызым — өте жұмсақ, тұйықтау бала. Осы орта жақсы әсер етіп жатыр. Қазақстандағы мектепте қатты қиналатын еді деп ойлаймын.
Жанна Қазақстандағы мемлекеттік және жекеменшік мектептің жер мен көктей айырмашылығына көңілі толмайтынын айтады.
Қазақстанда қаражаты бар адамдар балаларын жекеменшік мектепте оқыту үшін жанталасып жатады. Ол жақта білім сапасы жоғары деп саналады. Оқушылардың ұстаған заты, киген киімі — бөлек әңгіме. Ал мұнда олай емес. Бай ата-ананың өзі балаларын мемлекеттің кәдімгі қарапайым мектебінде оқытуға еш қысылмайды. Тек мектеп емес, жалпы халқы өте қарапайым келеді.
Жаннаның отбасы Канадада мекен ету қағазы арқылы емін-еркін өмір сүріп жатыр. Азаматтық алуға барлық жағынан мүмкіндігі бар екенін жасырмады.
Қазір резидентпіз. Сайлау кезінде дауыс бере алмайтынымыз болмаса, қалған мүмкіндіктің бәрін алуға құқылымыз. Сол үшін азаматтық ауыстыру жөнінде ой мазалап жүрген жоқ. Дегенмен ондай ниет туса, азаматтық алу бізге қиын болмайды, — дейді Жанна.
Статистика. Ranking.kz мәліметінше, 2019 жылы 45 231 қазақстандық шетелге көшіп кеткен. Оның 11,7 мыңы — бала мен жасөспірім, 31,5 мыңы — еңбекке қабілетті азамат, 2,1 мыңы — зейнеткер.
«Жақсы өмір сүру үшін көшеді…»
22 жастағы Гүлжазира Сәтбай бір жыл бұрын жолдасымен бірге Канаданың Камлупс қаласына көшкен. Қоныс аударудың басты себебі — оқу мен жұмыс.
Қазір Starbucks-та жұмыс істеймін, сонымен бірге есепші мамандығында оқимын. Жолдасым да білім алып жатыр. Ол оқу визасымен, мен жұмыс визасымен келдік. Ең негізгі мақсатымыз — оқу, одан кейін өмір көріп, тәжірибе жинап, ағылшын тілін ана тіліміздей білу. Қазірше, азаматтығымызды ауыстыру ойымызда жоқ. Себебі ол — ұзақ процесс. Дегенмен бәрі болашақтың еншісінде, — дейді Гүлжазира.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың шетелге көшуіне екі нәрсе себеп болуы мүмкін. Біріншісі — жақсы жағдайда өмір сүру. Екіншісі — білім алып, тәжірибе жинап, кәсіби маман ретінде елге оралу.
Канадада адамдардың өмір сүру деңгейі жоғары, сонымен бірге жұмыссыздық та жоқтың қасы. Табиғаты ерекше, тұрғындар сыпайы. Үнемі күлімсіреп тұрады. Қабақ шытқан адамды сирек кездестіресің. Тіпті, кептіліс кезіндегі көліктердің бір-біріне «сигнал» басып, мазасызданатындары да аз.
Гүлжазираның айтуынша, Камлупста иммигрант көп. Жергілікті тұрғындар оларға түсіністікпен қарайды. Ал қазақтардың ең шоғырланған жері — Торонто қаласы.
Қазақ қоғамынан алыстамау үшін және наурыз мерекесін бірге тойлау мақсатында Торонтоға көшуді жоспарлап отырмыз. Оның үстіне ол жақта кейбіреулер қазы әкеліп сатады екен. Ол да бір себеп.
Гүлжазира қазақстандықтардың Канада азаматтарынан үйренері көп деп санайды.
Әрине, Канаданы мінсіз ел деп айта алмаймын. Мәселен, мұнда ауруханада емделу ұзақ уақытты талап етеді. Сондай-ақ салық құны да жоғары. Біздегідей отбасылық құндылық бірінші орында емес. Дегенмен олардан үйренеріміз көп. Мысалы, отандастарымыз инвестициямен айналысуды үйренсе екен деймін. Канада тұрғындары үйде отырып-ақ акцияларын онлайн банкинг арқылы сатып алып немесе сатып жатады. Сонымен қоса қазақстандықтар менталды денсаулыққа көбірек назар аударуы керек. Канадалықтар психолог-терапевттің көмегіне жиі жүгінеді. Ал қазақтар үшін бұл ұят сияқты. Соның кесірінен жастар суицид, қоқыс жәшігіне бала тастау секілді сұм дүниелерге барып жатады, — дейді Гүлжазира.
Статистика. Ranking.kz мәліметінше, көбіне Қарағанды (5776 — 23,5%), Қостанай (5708 — 13,6%), Павлодар (5610 — 13,2%) облыстарының азаматтары шетелге қоныс аударады. Ең аз көрсеткіш — Қызылорда облысында. Өткен жылы бұл облыстан тек 37 адам (0,08%) елден кеткен.
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:
Кейінгі үш жылда эмиграцияға кеткен азаматтар саны артқан. Бірақ бұл қазір қазақстандықтар жаппай шетелге көшіп жатыр дегенді білдірмейді. Себебі 10 жыл бұрын да қазіргідей жылына қоныс аударатындардың саны 50-60 мыңның төңірегінде болатын. 2010 жылы эмиграция үрдісі бәсеңдеген еді. 2017 жылдан бастап қоныс аударушылар қайта көбейді.
Қазақстандықтардың шетелге көшуінің басты себебін анықтау үшін нақты зерттеулерге сүйену керек. Өкінішке қарай, бізде ондай зерттеулерді байқаған да, көрген де жоқпын.
Дегенмен демография ғылымы бойынша, адамдардың бір мекеннен екінші жерге қоныс аударуына ішкі итермелеуші фактор және тартымды етуші фактор әсер етеді.
Итермелеуші факторға тұрғылықты елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы, жұмыссыздық, инфроструктураның дамымауы, білім сапасы сияқты мәселелер түрткі болуы мүмкін. Ал тартымды етуші факторға басқа елдердегі жағдайдың позитив түрде қабылдануы, жаңа мүмкіндіктер және жоғары деңгейдегі экономикалық ахуал себеп болады.
Статистика бойынша, шетелге кететін азаматтың басым көпшілігі — орта жастағы, техникалық білімі бар адамдар. Көбі — Солтүстік Қазақстан тұрғындары. Осы тұста, адамның басқа мекенге көшуіне әлеуметтік-этникалық мәселе де әсер ететінін ескерген жөн. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы орыс этникалық топ өкілдері Ресейге жиі қоныс аударады.
Статистика. Ranking.kz мәліметінше, елден кеткендердің көбі — орыс, неміс, украин, қазақ және татар ұлтының азаматтары.
Эмиграциямен қатар иммиграция деген бар. Көшіп кеткен адамдардың орнына басқа адамдар қоныс аударып, келіп жатса, бұл — мемлекет үшін айтарлықтай зақым келтіретін құбылыс емес. Сондықтан оған біржақты негатив түрде баға беруге болмайды. Бірақ шетелге кеткен азаматтардың орнына көшіп келген адамдардың біразының білім деңгейі төмен, меңгерген мамандығы жоқ. Сол себепті адами капитал жағынан ұтылып жатырмыз.
Ашық экономика және шекара жағдайында заң арқылы миграция мәселесін реттеу мүмкін емес. Себебі көшкісі келген адамның құқығын шектей алмаймыз. Оның орнына әр аймақтағы талантты кадрларды ұстап қалуға тырысу қажет. Сонымен бірге Қырғызстан, Өзбекстан секілді мемлекеттегі білікті мамандарды өз елімізге тартуға мүмкіндігіміз бар деп есептеймін.