Хаттың мазмұны мынадай:
Жасым 20-дан асқан. Тұрмыс құрмағанмын. Жоғары білімім бар. Биыл отбасылық жағдайға байланысты аулыма көштім. Ауылдастарымның ішінде «қара күшпен» (темная сила) айналысатын адам болады деген ой басыма кіріп-шықпапты. Сол күні ауданға барып, жұмысымның есебін беруім керек еді. Такси келген соң асығып-үсігіп сырт киімімді киіп жатып, қалтамда бөгде зат жүргенін байқадым. Алып қарасам, түйме екен. Ақ, жіңішке қара сызықтары бар, бетіне қызыл бір нәрсе жағылған. Үйдегілердің ешбірінің киімінде мұндай түйме жоқ. Қалтама қолымды жиі салып жүретіндіктен, оған не салғанымды білемін. Бөгде түйме шыққанда біртүрлі болдым. Асығыс болғандықтан, қайтадан қалтама сала салдым. Басында жаман ойым болған жоқ. «Бұны кім салды, неге салды?» деген қызығушылық қана болды. Интернеттен қарасам, көбіне «қалтаңыздан/үйіңізден түйме тауып алсаңыз, абайлаңыз. Біреу сізді өзіне ғашық етпек үшін дуалап жүр» деген мағынада жауаптар шықты. Күлкілі әрі қорқынышты. Басында сенгім келмеді. Сосын түймені лақтырып тастадым. Бұрындары достарымның әкесін, ағасын дуалап, өзіне ғашық еткісі келгендер туралы еститінмін. Мән бермейтінмін. Себебі маған оның бәрі басқа бір әлемде болып жатқандай көрінетін. Ертегі, қиял сияқты. Үйдегілерге әзіл-шыны аралас «алда-жалда біреуге ғашық болып қалсам, сенбеңдер» деп айтып, күлдім. Сенгім келмесе де, сақтықта қорлық жоқ. Бұл туралы әріптесіме білгенде ол бұрын да осындай жағдайдың болғанын айтты. Бір әріптесіміздің сырт киіміне ине қадап кетіпті. Айналамда сондай қараңғы және қара ниетті адамдар жүргеніне сенгім келмейді. Мұның дуа екенін немесе кездейсоқ жағдай екенін нақты білмеймін. Сонда да осы жағдайдан соң 2 минутқа шығып кетсем де кабинетімді құлыптап кететін болдым. Киімімді кие сала қалтасын тексеремін. Параноик болып кетпесем болды. Олай болмас үшін психолог не дейді? Дуа, дуалау туралы Ислам дінінде не айтылған?
Бинұр Мұратқызы, психоаналитик:
Адам не нәрсеге сенсе, сол болады
«Мұндай іске өзіне сенбейтін, жеке басын бағалауы төмен адамдар барады. Көреалмаушылық да себеп болуы мүмкін. Бұл — «менде болмаса, өзгеге де бұйырмасын» деген адамның өзін де, өзгені де құртатын ауыр сезімі. Қалауын жүзеге асыру қолынан келмейтінін білген соң, қандай да бір сыртқы күштерге жүгінеді.
Бұл оқырман өзіне дуа жасалған-жасалмағанына сенімсіз, нақты білмейді. Дегенмен түрлі нәрсе ойлап, қорқып қалған. Негізі бұл әрекеттің астында қорқыныш жатыр. Психоанализде қорқыныш дегеніміз – бейсанадағы сіздің тілегіңіз. Ал ол адамның бала кезінен бастап ата-анасынан алған наным-сеніміне, қорқыныш туралы түсінігіне тікелей байланысты.
Мұндай нәрсенің адамға әсер ету-етпеуі өз сеніміне байланысты. «Ойбай, мені дуалады» деп өзін-өзі сендіріп тастаса, сенген нәрсесі болады.
Сондықтан хат авторы өз-өзіне «Неге бұл жағдайға сенгім келіп тұр? Бұл жағдайдың болғанын ойлау маған не үшін керек?» деген сияқты сауалдар қойып, оқиғаны талдауы керек».
Медет Құрсақов, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
Сиқырдан өзіне дем салу арқылы сақтана аласыз
«Қазіргі қоғамымызда мұсылмандықтың сара жолынан адастыратын «сиқыр жасау», «бақсы-балгерлік» және «дуахандыққа» әуестік өршіп тұр. Сиқырмен айналысушылардың көпшілігі, әсіресе, Құранмен емдеп жүрмін дегендер шындығында сиқырмен айналысып жүреді. «Сиқыр жасау», «көз тию», «жын тию» — ақиқат. Ол жайында Құранда да, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де баяндалған.
Жалпы, шариғатымызда көз тигенде, сиқыр жасалғанда, жын тигенде, қорыққанда, шошығанда, ауырғанда, ақыл-есінен ауысқанда және тағы басқа себептермен дем салу, үшкіру бар. Дем салу рәсімі араб тілінде «рұқия» деп аталады. Дем салу дегеніміз – Фатиха, Ясин, Ықылас, Фалақ, Нас және басқа да таңдаулы сүрелер мен аяттарды, салауат пен дұғаларды оқу. Құран аяттары және дұғалармен дем салу Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті әрі үмбетіне үйретіп кеткен амалдарының бірі.
Құран қасиеттерінің бірі – жанға дауа, дертке шипа. Өйткені Құран тек өмірден озған кісілердің рухына ғана оқылмайды, бұл дүниеде науқас болған адам Құран аяттарын шипа ретінде оқыса, дауасын табады. Құранның «Исра» сүресі, 82-ші аятында былай делінген: «وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا هُوَ شِفَاءٌ وَرَحْمَةٌ «. Мағынасы: «Біз Құраннан мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз….». Бұл аятта Құранның шипалық қасиеті айтылып тұрғанын көреміз. Алланың Елшісі ауырған адамға: «Уа, Алла, адамдардың Раббысы, кеселдерді кетіруші, шипа бер. Сен — шипа берушісің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Бұдан кейін аурудың ізі де қалмайтындай етіп сауықтыр», — деп дем салатын.
Жалпы қазіргі таңда «сиқыр жасалған», «көз тиген», «жын тиген» дейтін адамдар көп. Олардан таңғы кешкі зікірлерді оқумен және адам өзіне дем салып жүріп қорғана алады. Әркім өз-өзіне дем салуына болады немесе дем сала алатын имамның көмегіне жүгінеді. Аят-дұғалармен дем салып, емдеушілерге айтар насихат – шариғаттың шеңберінен шықпайтын әдістермен ғана емдеуі керек. Ақиқатында, қорғаушы да, шипа беруші де – тек бір Алла».
Ғылым сиқырды жоққа шығарады
Біреуді дуалау, басын айналдыру, дегеніңе көндіру — адамзат байырғы заманда-ақ қол жеткізгісі келген мүмкіндік.
Мәселен, мына жоғарыда сурет біздің заманымыздың IV ғасырына жатады. Папируста «Сені аспанның он екі күшімен, әлемнің жиырма төрт күшімен дуалаймын, Таепис туған Гераклды маған, Александрия туған Аллусқа алып кел, сөйт, сөйт, тездет, тездет» деп жазылған. Яғни Аллус есімді әйел Геракл деген ер адамды өзіне ғашық еткісі келіпті.
Дуа деген ұғымға қатысты нақты ғылымдарда (физика, химия, тағы басқа) анық, айқын түсіндірме жоқ. Алайда психотерапия саласында жүрген немесе наркологиямен айналысатын мамандар «дуаланған» адамның іс-әрекетін түсіндіріп бере алады.
Мәселен, ресейлік психотерапевт Дмитрий Клевцовтың ойынша, біреудің басын айналдыру немесе көз тию — адамның бойындағы құбылыстарды рационал түрде түсіндіре алмауына байланысты туған ұғымдар. Яғни болып жатқан оқиғаның себеп-салдар байланысын таба алмаған немесе тапқысы келмеген жан оны осындай халық сөзімен оп-оңай атай салады. Уақыт өте келе осыған сенген адамның алаң көңілі мен үрейі ушығып, фобияға айналады. Соның кесірінен ол басқа дүниеге назар аударудан қалады, бар ой-ынтасы тек осы дуаға қатысты болады. Соңында ауырып қалады немесе басқадай жағымсыз жағдайға ұшырайды.
Басқаша айтқанда, ғылым дуалау схемасын былай тәпсірлейді: әлдебір ақпаратты алған адам оны өз таным-сенімі, білім деңгейі, көкжиегі жеткенше түсінуге тырысады. Дуалау деп қабылдаса, сол бағытта, соған сәйкес әрекет бастайды, нәтижесінде ішкі қорқыныш-қаупін еріксіз растап шығады. Мұны Розенталь (немесе Пигмалион) эффекті деп атауға болады. Бұл психология феномені бойынша, әлдебір болжамның, қауіп-қатердің, көріпкел айтқан сөздің орындалуы соны күтіп отырған адамның іс-әрекетіне, оның түрлі оқиға-құбылысты қалай қабылдап, қалай түсінгеніне байланысты. Мысалы, «бір жылдан кейін бәлеге ұрынамын» деп ойлап, соған қатты сенген жан қимыл-қозғалысын, жоспарын сол идеяға сәйкестендіре бастайды, ақыры жағымсыз оқиғаға тап болып тынады. Яғни болжам орындалды, көріпкелдің «айтқаны айдай келді».