1. Бөтелкедегі су
Шөлдесек, жақын маңдағы дүкенге кіріп, бөтелкедегі суды сатып аламыз. Дос-жаранмен бас қосқан кездесуде де кемі 500 теңгеге су сатып алып ішкен кездер болған шығар? Тиын-тебен көрінгенімен, айына, жылына суға деп қанша ақша жұмсайтынымызды есептеп көрсек, әжептеуір қаржының кетіп қалғанын байқауға болады. Оның орнына суды өзіңізбен құйып алып жүріңіз. Кәдімгі крандағы суды фильтрлеп алуға болады. Күнде су сатып алып ішетін адамның бір айда жұмсаған қаражатын есептесек, (150 теңгені 30 күнге көбейтсек) 4500-5000 теңге шығады. Осы ақшаны жинай берсеңіз, бір жылдың ішінде 50-60 мыңның басын құрайсыз. Біліктілігіңізді арттыратын, көптен армандаған курсқа жазылудың мүмкіндігі. Бұл — бір ғана судан үнемделетін қаражат. Оның үстіне пластик бөтелкенің көрінген жерде шашылып жатпауына да үлес қосар едіңіз.
2. Лотерея
«Лотереядан пәленбай миллион ұтып алсам ғой…» деген арман біреу үшін өте маңызды. Осы ойды желеу етіп, ол лотереяны қайта-қайта сатып алады, бағын сынап жүреді. Әрине, бір күні жеңімпаз атануы әбден мүмкін, бірақ сол ақшаның басын құрауға да болады емес пе? Мысалы, әр лотоға жұмсаған ақшаны жинап отырса, бір жылда миллионға жетпесе де, әжептәуір қаражет иесі атанады. Құр қағазға ақша жұмсамай, миллионды табатын нақты әрекетпен айналысу артық етпейді.
3. Жаңа телефон немесе Iphone
«Samsung-тың жаңа моделі шығыпты, Iphone 12-ні айтсаңшы? Несиеге алуға болады, тез төлеп тастаймын ғой». Осындай әңгімені айтқан адам қолындағы телефонын бір жыл бұрын ғана алған болуы мүмкін. Әрине, смартфонның 2010 жылы шыққан түрі мен 2020-да шыққанын салыстыруға келмейді, өзгеріс бар. Бірақ 2019-да шыққан Iphone 11 мен 2020-да ұсынылған Iphone 12-нің өмірді өзгертіп жіберуге қабілетті айырмасы жоқ. Техникалық тұрғыдан тетелес. Сондықтан оған қаражат жұмсамай-ақ қоюға болады. Үнемі техниканы жаңарту сол нәрсеге тәуелділікті қалыптастыруы да мүмкін.
4. Газет-журнал
Техниканың дамуымен қағаздағының бәрі онлайнға ауысты. Қазір газет-журналды сатып алмай, бәрін интернеттен оқуға болады. Тіпті кітапты онлайн оқу трендке айналып кетті. Ал бұрын алған газет-кітаптарын қайта өңдеу орындарына өткізіп, оны тиын-тебенге айналдырып жүретіндер бар еді. Қайталама макулатура қабылдайтын орындар қағаз-картонды ақшаға қабылдайды. Үйдегі ескі газет-журналды қайта өңдеуге өткізіп, бүгінгі жаңалықты қолыңыздағы смартфоннан оқи беріңіз. Бұған күнде қолданатын абоненттік тарифіңізден басқа ақша жұмсаудың қажеті жоқ.
5. Механика сағаты
Дәл қазір механика сағатын тағу адамның статусын немесе материалдық жағдайын, көп қаражатты сағатқа жұмсай алатынын көрсетеді. Сонымен қатар сағаттың атақты моделіне ерекше қызығатын фанаттар да бар.
Ал сіз үнемі бизнес ортада жүретін, имиджге қатты мән беретін, ықпалды-беделді тұлғалармен кездесуден шықпайтын адам болмасаңыз, сағаттың бағасы қолайлысын, заманауи түрін таңдаған жөн. Осы күнгі сағаттар тек уақыт көрсетпейді, түрлі функцияға ие. Денсаулықты бақылауда ұстаумен қатар күніне қанша қадам жүргеніңізді ескертеді. Жәй ғана уақытты көрсететін сағатқа емес (бұған смартфонның да шамасы жетеді) заманауи смарт-сағатқа қаражат жұмсаған тиімді емес пе?
6. Мотивация беретін тренинг
«Мотивация» сөзінің трендке айналғаны сонша, осыны желеу етіп жұмыс істей алмай жүргендер немесе өз пайдасына асырып, ақша тауып жүрген адам көп. Оны іздеп сабылып, ақшасын құртатындар де арамызда бар. Мұндай жан «Мотивацияңызды көтереміз, тығырықтан шығар жол сілтейміз, байытып жібереміз» деп уәдені үйіп-төгетін тренингілерге ақшасын аямайды. Негізі, мотивация — ақша жұмсамай-ақ табуға болатын нәрсе. Мысалы, сүйікті іспен айналысқанда, ұнайтын адамымен кездескенде, жаңа киім алғанда немесе табиғатта қыдырғанда кез келген жан мотивация алуы мүмкін. Ал бір істі бастап кетуге итермелейтін ең күшті мотивация — қаражат табуға деген құлшыныс.
7. Мұқабасы қатты кітап
Халықтың талғамына қарай кітаптың кішісі-үлкені, тысы қаттысы, жұмсағы бар. Әрине, мұқабасы жұмсақ кітапты сатып алған тиімді. Оның қатты картонмен қапталған кітаптан айтарлықтай айырмасы жоқ. Ал тысы қатты кітап қымбатырақ тұратынын ескерсек, ақша жағынан ұтасыз. Кейде дүкен сөресінде тұрған бір үлкен кітаптың бағасына екі немесе үш қарапайым кітап келуі мүмкін.
Жалпы, қағаз кітап алмай-ақ, онлайн сатып алып, гаджеттен оқумен де шектелуге болады.
8. Лимитсіз тарифтер
Мобильді тарифті шексіз қолдануға болатыны әрқашан қызықтырады. Бірден «Фильм көрем, Instagram-да қалағанымша отырамын» деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ көп жағдайда 100 тегін SMS-тің мұрты бұзылмай қалып қояды, ал «шексіз сөйлесемін» деген жоспарыңыз орындалмайды. Әлеуметтік желіде ғана отыратын адам үшін лимитсіз интернеттің де қажеті жоқ. Ал үйде Wi-Fi болса, тіпті де бас тартуға кеңес береміз.
9. Әмиян сатып алу
Қағаз ақша алып жүрмей, көп дүниенің ақысын банк картасы арқылы төлейтін болдық. Тіпті қаржы ұйымдары QR код арқылы төлеу мүмкіндігін де ұсынып отыр. «Карта тасымаймын, смартфон арқылы төлеп жүрмін» дейтіндер бар. Яғни қазір әмиян сатып алудың бұрынғыдай аса қажеті жоқ. Картаны үнемі қасымда алып жүремін десеңіз, смартфонға жабысып тұратын қалташа жеткілікті болуы мүмкін.
10. Үй жануарын сатып алу
Ит пен мысық асырауды ойлап жүрсеңіз, оны тегін алуға да болады. Дәл қазір осы бағыттағы топтарға немесе хабарландыру сайттарына кірсеңіз, марғау мен күшікті тегін беретін қолданушылар жетерлік. «Асыл тұқымды итті тәрбиелеймін, арнайылап баптаймын, жарысқа алып барамын» деген жоспарыңыз болмаса, хабарландыру немесе тегін үлестіретін арнайы ұйымдар арқылы жануар иесі атаныңыз. Оған ақша құртудың қажеті жоқ.