Қаржыгерлер қауымдастығы мен банктердің біріккен баспасөз хабарламасында Қазақстанда төлем картасын ұстаушыларды алдаумен айналысатын топтардың пайда болғаны айтылған. Соңғы уақытта жеке мәліметті, төлем картасының реквизитін, телефон арқылы код пен құпиясөзді заңсыз жинауға байланысты оқиға көбейген. Алаяқтар өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, шотпен операциялар жүргізу үшін жеке мәліметтерді алуға тырысады.

Банктің жалған қызметкері

Алаяқ банк клиентінің нөміріне қоңырау шалып (банктің колл-орталығының нөміріне ұқсас), өзін колл-орталықтың немесе банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, төлем картасы арқылы жасалған күдікті операция туралы хабарлайды. Операцияны тоқтату үшін алаяқ төлем картасының реквизитін (нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV/CVC-код пен SMS-хабарлама арқылы келген код) айтуды ұсынады.

Банктің нағыз қызметкері бұл мәліметтерді ешқашан сұрамайды (оған аты-жөніңіз, туған күн мен картаны рәсімдеу кезіндегі құпиясөз жеткілікті). Алаяқтар осыған ұқсас әрекетті банктердің ресми парақшалары бар әлеуметтік желілерде (мысалы, VK, Facebook) жасайды. Алаяқтар жалған парақша ашып та, жоғарыдағы әрекетті қайталайды.

Мүлікті сату туралы хабарландыру

Мүлікті сату туралы хабарландыру бойынша (пәтер, автокөлік, жиһаз, киім және тағы басқалары) алаяқ хабарласып, алдын ала төлемді картаға жіберуге дайын екенін айтып, сатушыдан карта реквизитін сұрайды (нөмір, жарамдылық мерзімі, CVV/CVC-код, сатушының телефон нөміріне келген SMS- хабарлама коды). Мәліметті білгеннен кейін ақшаны қолға түсіреді.

Сыйақы төленетін сауалнамаға қатысу

Әлеуметтік желілерде банк атынан парақша ашады. Қолданушыларға сауалнамаға қатысып, сыйақы алуды ұсынады. Сілтеме арқылы өтіп, сұрақтарға жауап берген соң сыйақы (ақшалай жүлде) алу үшін өз картасынан «растаушы төлем» жасауды сұрайды. Алаяқтың құрбандығы төлем картасы туралы мәліметті толтырып, ақшаны өз еркімен картаға немесе электрон әмиянға жібереді. Қайтарым ретінде ештеңе алмайды.

Жалған-брокер

Қазіргі кезде интернетте Forex биржасы мен «бинар опциондарын» сату арқылы қомақты табысқа ие болу туралы ұсыныстар өте көп. Мұндай сайттардың басым бөлігі шын мәнінде брокер қызметін ұсынбайды.

Карта иесі «брокердің» зиянкес сайтына тіркеліп, жеке кабинет ашып, байланыс мәліметін қалдырады. Бұдан кейін алаяқ тіркелушімен хабарласып, сауда алдында жеке кабинетіндегі шотын толтыруды ұсынады. Клиент жеке кабинетіндегі шотына ақша аударғаннан кейін алаяқ оны бірден өз шотына аударып алады.

Қазақстан банктері мен Қаржыгерлер ассоциациясы төлем карталары мен онлайн қызметтерді қолдану кезінде қауіпсіздік шарасын сақтауға шақырады.

Алаяқтықтың көбеюіне байланысты ескерту және түсіндіру мақсатымен Қазақстанның қаржыгерлер ассоциациясы, Altyn Bank, Bank RBK, ForteBank, Halyk Bank, Jýsan Bank, Kaspi.kz, Nurbank, «Альфа-Банк» Қазақстан, ВТБ Банкі, «Евразиялық банк», «Сбербанк» Қазақстан, «Хоум Кредит Банкі», «ЦентрКредит Банкі» төмендегі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

  1. SMS-хабарламамен келген құпиясөзді ешімге, «Банк қызметкерімін» деп хабарласқан тұлғаларға да айтпаңыз;
  2. Операцияларға қажет сенімді нөмір ретінде (банкомат арқылы да) бөтен нөмірді қоспаңыз;
  3. Төлем картаңыздың реквизитін ешкімге айтпаңыз: нөмір, жарамдылық мерзімі мен CVV/CVC (картаның артқы бөлігіндегі үш таңбалы код).
  4. Картаңыз туралы деректі интернетке орналастырмаңыз және мессенджермен жібермеңіз;
  5. Қоңырау күдікті көрінсе (тіпті, банктің байланыс орталығының нөміріне ұқсас болса да) байланысты бірден үзіп, бұл туралы банк төлем картасының артындағы телефон нөміріне хабарлау қажет.

Үшінші тұлғаға карта реквизиті мен SMS-кодтарды берген жағдайда ақшаңыз ұрлануы мүмкін.

Карта — ұдайы жетілдірілетін, көптеген қорғаныс қабаты бар, қаражатты қашықтықтан басқаруға мүмкіндік беретін қауіпсіз төлем құралы. Алайда банк оны клиент жеке мәліметін (жеке құпиясөз, код және тағы басқаларын) қатаң сақтағанда ғана қорғайтынын ұмытпаңыз. Бұл туралы алаяқтар біледі, сондықтан олардың әрекеті карта ұстаушыларға тікелей бағытталған. Олар сенімге кіріп, төлем мен аударым жасау үшін картаның реквизиті мен деректі білуге тырысады. Сақтықты күшейтіңіздер және жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаңыздар. SMS-кодтар — сіздің ақшаңыздың кілті, — дейді ҚҚА қаржы технологияларын дамыту және инновация орталығының директоры Константин Пак.