Әдетте компания жаңа смартфонды қыркүйек айында таныстыратын. Биыл пандемияға байланысты презентация қазан айына шегерілді.

Осы жолы Apple бірден төрт смартфонды таныстырды. Олар — iPhone 12, iPhone 12 mini, iPhone 12 Pro және iPhone 12 Pro Max.

Жаңа мобильді стандарт туралы компанияның бас директоры Тим Кук: «5G өнімді жұмыстың жаңа деңгейін, ағынды видео сапасының артуын, ойындардың жылдамдауын және тағы басқа көп дүниемен қамтамасыз етеді» деп айтты.

Apple бас директоры Тим Кук 5G желісі туралы әңгімелеп жатыр.

Компания мамандары бұл құрылғылардың әйнегі бұрынғы модельдерден төрт есе мықтырақ екенін айтады. Себебі керамикамен көмкеріліпті.

Жаңа смартфонның барлығы Apple A14 процессорымен жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, бұл — ең қуатты процессорлардың бірі.

Компания бұл жолы смартфон қорабында құлаққап пен қуаттағыш адаптердің болмайтынын хабарлады. Жаңа смартфон қорабында iPhone-мен бірге Lightning кабель және нұсқаулық қана болады.

Смартфондар 2012 жылы жарық көрген iPhone 5 стилі негізінде жаңартылған дизайнымен шықты.

iPhone 12

iPhone 12-де екі камера бар: бірі негізгі, екіншісі кең бұрышты. Негізгі объектив жеті линзадан құрылған. Жарығы әлсіз жерде де сапалы фото түсіруге мүмкіндік береді. Түнгі режим енді негізгі камерада ғана емес,  екінші кең бұрышты объективте де жұмыс істейді.

Бұл жолғы смартфонның ерекшелігі — оған сымсыз қуаттағыш, Magsafe және басқа да құрылғыларды жабыстырып қоюға болады. Ол үшін іPhone-ның жаңа моделінің сыртында магнит жабысатын орны бар. Компания бұған арнап смартфонды да, Apple Watch-ты да бір мезетте зарядтауға болатын сымсыз қуаттағышты шығарды. Ол айфонның магнит орнына жабыстырылып тұрады. Ал Magsafe — карта, ақша немесе басқа да кішкентай қағаз тектес заттарды салып қоюға арналған қалташа. Таңдаймын деген адамға оның бірнеше түстісі бар.

Bagsafe
Magsafe. Фото: Apple.com

iPhone 12  бес (ақ, қара, көк, қызыл және жасыл) түсте шықты.

Қалған жаңа смартфондардың тек төрт түсте сатылады.

iPhone 12 mini

iPhone 12 mini – кейінгі төрт жылда шыққан смартфондардың ең кішісі есептеледі. Сырт көрінісі жағынан және сипаттамалары бойынша iPhone 12 және 12 mini бірдей. Айырмасы тек көлемінде.

iPhone 12 799 доллар тұрса (шамамен 342 мың теңге), IPhone 12 mini-дің бағасы 699 доллар (шамамен 300 мың теңге).

iPhone 12 Pro

iPhone 12 Pro дәл 12-дегідей жұмыс істейді. Тек үш камерасы бар. Олар – негізгі, қосымша объектив және кең бұрышты. Мұнда үшінші қосымша объектив төрт есе оптика масштабын қамтамасыз етеді.

iPhone 12 Pro Max

iPhone 12 Pro Max-та камералар бұрынғыдан да сапалы түсіреді. Себебі оның негізгі камерасында үлкен пискельдер орналастырылған әрі қосымша объектив бес есе масштаб бере алады.

iPhone 12 Pro
Фото: Іxbt.com

Екі марканың камерасына ортақ айырмашылық – Лидар пайда болуы. Компания өкілдерінің айтуынша, Лидар – заттарды сканерлеуге мүмкіндік беретін 3D инфрақызыл камера. Сонда Лидар негізгі үш камераға төртінші, қосымша болып есептеледі. Бұл фотоны түсіргенде бәрін тура өмірдегідей көрсетуге мүмкіндік береді.

Лидар осылай жұмыс істейді.

Айтпақшы, Лидар технологиясын NASA агенттігі Марсқа аттанатын келесі сапарында қолдануды жоспарлап отыр екен. Бұдан бөлек Лидар жүргізушісіз көліктерде де пайдаланылады.

iPhone 12 Pro 999 доллар тұрады (шамамен 428 мың теңге), ал iPhone 12 Pro Max 1099 долларға бағаланды (шамамен 471 мың теңге).

Сонымен қатар Apple презентация кезінде HomePod mini деп аталатын үйге арналған смарт колонканы таныстырды.

Айтпақшы, жаңа смартфондардың бағасы Қазақстанға келгенде қымбаттайтынын айта кету керек. Себебі жолай тасымалдау, жеткізу, салық секілді қосымша шығындар қосылады. Ал бастапқы кезде сұраныстың жоғары болуына байланысты, баға да күрт өседі.

iPhone жаңа моделін алу қажет пе?

IT-маман Тимур Бектұр iPhone-ның су жаңа моделін қандай мақсатта алуға болатынын айтты.

Егер сізге extra wide angle, яғни үшінші камера қажет болмаса немесе жиі қолданбасаңыз, онда тіпті iPhone 11 де алып қажет емес. Себебі өкінішке қарай, iPhone 6 мен iPhone 12-нің арасында операциялық жүйе тұрғысынан еш айырмашылық жоқ. Сонша ақша құртқанша, iPhone X немесе iPhone XR алсаңыз да, жетіп жатыр. Ал үшінші камераны үнемі қолданатын мұқтаждық болса, онда iPhone 11 Pro алуға болады, — деп жазды Тимур Бектұр Instagram-дағы парақшасында.

Аналитиктің айтуынша, жаңа смартфонның сыртқы дизайны өзгеріп, Лидар камера қосылғаны болмаса, басқа айтарлықтай жаңалығы жоқ.

Тек процессорының енді бұрынғыдан 16% жылдамырақ істеп, камерасы 38% жылдам түсіретіні кәсіби мамандарға қажет болмаса, қарапайым Қайратқа оның қажеті шамалы. Лидар камераны да адамдар күнделікті пайдаланатынына аздап күмәнданып тұрмын, — дейді Тимур Бектұр.