«Қазгидромет» РМК деректері бойынша қараша айында жауын-шашын, көбіне қар жауады, боран соғады, екпіні күшті жел тұрады. Сонымен бірге еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінде көктайғақ пен тұман болады. Сондықтан республика жолдарында көлік құралдарының қозғалысына ерекше назар аудару қажет.
Көктайғақ кезінде жазғы дөңгелектердің тежелу қабілеті нашарлайды. Осының салдарынан жол-көлік оқиғалары болуы мүмкін. Көлікт шинасын ауыстырмаған жүргізушілер тізгінге ие бола алмай, жолда күтпеген оқыс оқиғаларға тап болуы әбден мүмкін. Осылайша, олар өздерінің және жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар министрлігі күзде және қыста төтенше жағдайларды болдырмау үшін ауа-райының нашарлауы, жолдардың жабылуы туралы арнайы хабарламаларды үнемі қарап отыруды ескертеді. Дауылды ескертулер кезінде ұзақ сапарға шықпаған абзал.