Сырдария ауданында 134 мың тоннадан астам күріш қамбаға құйылды

Сырдария ауданында биылғы жиын-терім қысқа мерзімде табысты аяқталды. 

Аудан бойынша 33110 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жиналып алынды. Оның ішінде басты дақыл – Сыр салысы 21126 гектарға егіліп, оның әрбір гектарынан 63,5 центнерден өнім алынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жоғары өнім. Күріштен алынған 134 158 тонна алтын дән қамбаға құйылып, келесі жылдың егісіне 5200 тонна күріш тұқымға қалдырылды.

Егілген 1752 гектар жаздық бидайдан 21074 центнер өнім алынып, әрбір гектардың өнімділігі 12 центнерді құрады. Сондай-ақ арпадан 313 центнер, мақсарыдан 270 центнер өнім алынды. Картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды.

Биылғы егін жинау науқанына 219 комбайн, 113 жатка, 346 трактор, 197 трактор тіркемесі, 66 тасымал автокөлігі қатысты. Шаруашылықтарда машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізілді. Бүгінде шаруашылықтар шетелдік заманауи, жоғарғы технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларына басымдық беріп келеді.

Аудан бойынша биылғы жылдың 8 айында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы 687 млн теңгеге 18 дана, бұдан басқа өз қаржыларының есебінен 646 млн теңгеге 38 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.