Алтынай Орайхан, аудармашы:

Хат романтиканы ұмытпауға көмектеседі

Алтынай Орайхан. Фото жеке архивінен

Жолдасыммен 8-класта қыз-жігіт болып кездесіп жүргенде үлкен блокнот бастадым. Екеуміз қатты ұялшақ болдық: мектепте бір-бірімізге сөйлемейтінбіз, бірақ күн сайын телефонмен хабарлама жазысамыз. Соның бәрін блокнотыма көшіріп отыратынмын. Маған қағазбен байланысты нәрсенің бәрін сақтаған қатты ұнайды. Блокнотқа электрон хабарламаларды көшіріп, қағаз хаттарға айналдырғанымның себебі де сол болар. Оны 2 жыл сақтадым, бірақ бір күні ашумен өртеп жіберген едім. Сол өкінішті.

Цифр заманында бір нәрсені тереңінен ойлап отыратын уақыт жоқ. Адамдарға қандай да бір шаруамен хабарласамыз, мессенджерлермен сөйлесеміз, аудио жазамыз, ары кетсе қоңырау шаламыз. Бірақ соның бірде-бірі асықпай отырып, ойыңды жинақтап, ішкі дүниеңді келесі адамға жеткізуге, оған ақтарылуға мүмкіндік бермейді.  Әңгіменің де бас-аяғы толық болмауы мүмкін. Мұндай кезде маған қағазға хат жазу көмектеседі.

Оқу-сызуды үйренгеннен бері жақсы көретін жандарға оларды қатты сағынған кезде немесе қандай да бір нәрсені бетке тіке айта алмағанда ойымды қағазға түсіремін. Ең алғаш хат берген адамым — әжем. Ол кісінің қазір көзі тірі. Бұрын біздей немерелеріне дүкеннен тәтті-пәтті алып бергісі келіп тұратын. Жұрттың бәрі айлықтан-айлыққа жетіп өмір сүретін кез. Алғанын қарызға жаздыратын. Соған жүрегім ауыратын еді. Әр хатымды: «Апа, дүкеннен қарызға ешнәрсе алмаңызшы. Маған сізден ештеңе керек емес қой,» — деп аяқтайтынмын.

Фото: Алтынай Орайхан

Хат алатын адамды күнде көріп жүре бересің. Онымен күйбең тіршіліктің әңгімесі айтылады да, романтика ұмытыла бастайды. Романтика деп қыз бен жігіттің немесе ерлі-зайыптының арасындағы махаббатты ғана айтып отырғаным жоқ. Құрбы-құрдаспен, жақын араласатын туыстармен арада да сондай бір жылы қарым-қатынас сәттері болады ғой. Хат сол байланысты үзбеуге әсер етеді.

Қолымда маған арнап жазылған және жауап хаттар бар. Саны шамамен 40-тан асады. Соларға қарап, бір кластас құрбым есіме түсіп отыр. Мектеп бітірген соң ара қатынасымыз үзіліп қалды. Мына хаттардан соң оны сағынып отырмын, бір жағы аяныш сезімі де бар. Өте ақылды, білімді еді. Мен «Алтын белгі» алдым, ал ол бұл марапатқа менен артық лайық болды. Неге екенін білмеймін, ҰБТ-дан аз балл алып қалды. Сосын Алматыдағы жақсы бір медицина университетіне әкімнің грантымен оқуға түсті. Оқу басталғанда әкімдік бюджетте ақша жоқ екенін айтып, өз қаржысына оқығысы келетіндер оқуын жалғастырып, қалғаны Таразға ауыса алатынын хабарлады. Құрбым қаламызға ауысты. Үйінде жалғыз бала еді. Кейін анасы қайтқанын естідім. Тұрмысқа шығыпты. Ары қарай өмірінде көп жақсылық болмаған сияқты. Қазір қайда екен деп ойлаймын. Жанып тұрған қыз еді. Хаттар сондай жарқын жандарды еске түсіреді.

Мына хаттың бәрін сақтап қойғаныма қуанамын. 8-9-кластағы хаттарды оқып отырмын. Ол кезде есейген адамның әңгімесін айтатындай көрінген едік. Қазір қарасам, бала болыппыз ғой. «Пәленшені жақсы көрем, Түгеншеге деген махаббатым мәңгілік» деген сарындағы хаттар жүр. Оларды қайта оқып шықсам, сол кездегі эмоция бойымды бір шарпып өтеді.

Бастауышта, орта класта, университет қабырғасында да туыстарыма, достарыма хат жазып жүрдім. Кейінгі рет жолдасыма жазыппын. Онда да 2 жыл бұрын. Ол мына хат еді:

Мой любимый Ильяс!
Ты сейчас сладко спишь, а мои мысли лишь о тебе одном. И это так прекрасно, ведь есть ради кого жить, мечтать и творить.
Сегодня, общаясь с мамой Айзат, я говорила о нас с тобой, что ты моя любовь со школьных лет, одна на всю жизнь, что я думала такое бывает только в фильмах. Но нет, это — реальность! Мне посчастливилось иметь возможность любить одного тебя с тех пор, как могла себя осознавать как человека.
Я благодарю тебя за всё, ведь, если бы тебе не захотелось связать жизнь со мной, я бы так и ходила мечтая о НАС, не предпринимая никаких шагов…
Ты пример того, как нужно любить. От души! Всем сердцем!
Спасибо за тот влюбленный взгляд в 7-8 классе, когда я поняла, что действительно даже глазами можно говорить.
Спасибо за то, что я всё ещё ловлю на себе этот взгляд!
Спасибо Всевышнему за тебя!
Я люблю тебя!
Вчера… Сегодня… Завтра!!!
С любовью твоя девочка

Айзада Жайықова, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы:

Хатта еркін отырып көсілуге болады

Айзада Жайықова. Фото жеке архивінен

Қазір көп нәрсе есте қалмайды. Гаджетке әбден үйреніп қалдық. Бұрын өзіме жақын адамдардың электрон хабарламасын өшірмей сақтайтынмын. Бірақ техниканың аты техника, ауыстырамыз, хабарламалар өшіп кетеді. Жазылғанды жоғалтып алсам, қатты қиналатын едім. Қазір де солай. Ал қағаз хат үнемі жанымда. Көп нәрсені еске түсіреді, эмоция сыйлайды. Хатта еркін отырып көсілесің. Өзім хат жазғанды да, алғанды да жақсы көремін.

Қағаз хатты алғаш рет ең жақын құрбыма жаздым. Бетке айта алмайтын сырлар, ойлар болады ғой. Соны жеткізуге хат көп көмектесетін. Хатты ол адамды сағынғанда эмоциямды шығару үшін жазамын. Сағынған кезде телефон соқсам, ол адам бос болмауы мүмкін. Әрі телефонмен ішімдегі сезімді жеткізе алмайтындардың қатарынанмын. Бір жағы кейін де естелік болып, ұл-қызыма көрсеткім келеді.

Хат жазуға Бексұлтан Нұржекеевтің «Ерлі-зайыптылар» деген романы әсер етті. Онда бас кейіпкерлер тұрмысқа шыққан қызына хат жазады. Әке-шешесі ұзатылған қызына отбасының тарихын айта отырып, көптеген кеңес береді. Мысал келтіріп, болашақтағы отбасылық өміріне ақыл айтады. Кішкентай кезіндегі қылықтарын жазады, сол кездегі эмоциясын есіне түсірде. Оның бәрін ауызша жеткізсе, бір-екі айтылған соң ұмытылып қалар еді деп ойлаймын. Әрі ата-ана ондай естеліктерді бетпе-бет отырып айта да алмайтын сияқты.

Бір адам ойымнан кетпей қоятын кездер болады. Оны қатты сағынамын, жаныма жетпей жүреді. Сондай сәтте хат жазамын. Хаттың мазмұны әртүрлі. Көбіне сағынғанда жазатындықтан, жаңалығымды айтамын, сырымды бөлісемін, қызық оқиғаларымды айтамын, одан да соны сұраймын. Алғаш рет құрбы, достан хатты басқа қалаға қоныс аударар кезде алдым. Анығында, туған күніме ерекше сый ретінде жасасаңыздар деп өзім өтініш білдірдім. Себебі көзден кетсе, көңілден де кетеді. Ал хат арқылы олардың сол кездегі эмоциясын сақтап қалғым келді. Одан соң да поштамен біраз құрбымнан хат алдым. Оның ішінде аман-саулық хаттары, сыйлық беру хаты, жылы лебіз білдірген және сағыныш хаттары болды.

Фото: Айзада Жайықова

Кейде бұрынғы сәтті, сол адамдарды сағынғанда, көңілім түскенде хаттарды қайта оқып шығамын. Шабыттандырады. Әр оқыған сайын қуанамын, жылаймын, жымиямын. Сол естеліктерді сақтағаныма қатты қуанамын.

Хатты Қазпоштамен де, курьер қызметімен де жіберемін, аламын. Қазпошта 4-5 күнде жеткізеді, курьер қызметі 1-2 күнде жұмыс орныма немесе есігіме дейін әкеп салады. Бірақ поштаның бір жақсы жері марка береді.

2 жылға жуық уақыт бұрын Алматыдан Атырауға қоныс аударатын болдым. Жаңа жұмысқа орналассам да, бұрынғы ортамдай бола ма деп уайымдадым. Бірде, жұмыстың алғашқы күндерінде әріптес қыз маған келіп тұр. Өзі бір жас кіші. «Айзада, биыл армандарымның орындалған жылы болды. Сізді сырттай танитынмын. Бірақ бірге жұмыс істеуді қатты армандайтын едім. Армандар орындалады екен ғой», — деп қуанып, құшақтап алды. Кейін әдебиет, өнер, мәдениет саласында әңгімеміз жарасып, жақын құрбы боп кеттік. Сөйтіп бір күні Әнел маған хат жазды. Хаты ерекше әсер етті. Жаңа таныс болса да, мөлдіретіп, мен туралы ойын сондай бір тазалықпен жеткізген. Кейін жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім. Оған белгілі бір деңгейде Әнелдің осы хаты әсер етті деп ойлаймын.

 

Фото: Айзада Жайықова

Айз, сізге хат жазамын деп уәде еткелі қашан?! Сәті қазір түсіп жатыр. Сіз екеуміз көз, сөз дегеннен гөрі жазумен жақсы тіл табысатын сияқтымыз…

Мен сізбен танысқаныма сондай қуаныштымын! Бір кездер болды… Сіздей досқа зәру болған кездер… Шүкір! Ниетіме қарай шығар, Алла Тағала оны да берді… Армандар орындалады ғой!

Негізі сіз екеуміз XXI ғасырда адасып туған сияқтымыз. Кейде болмайтын тым ескіні аңсап кететін сияқтымыз. Өткен ғасырда тусақ, қазір әдебиетке енер ме едік?! біздің де тым қияли, өзгешелеу пәлсапаларымыз оқылар ма екен?!

Сіз өзіңіз тым нәзіксіз ғой. Осынша уақыт бір өзі Алматыда қалай өмір сүрді екен деймін. Кейде… Тым кішкентайсыз. Құшақтағанымда да, ойларымда да . Сондықтан болар… Сізді мынау қаталдау өмірдің сұрақтары мен сұраулары жұтып кетпеуін қалаймын. Бүкіл энергияңызды тауысып алардай қорқамын. Тып-тыныш, үнсіз отыратын сәттеріңіз қорқытады. Ондай сәттерде кабинетіңізге барғым келмейді! Сіздің ұнжырғаңыз түскен бейне көз алдымда сақталмағанын қалаймын. Сізге «ғашық бол», «сүйіңіз», «күйіңіз», «олай етпе» деп айтып жүрмін ғой. Жасым кіші болғасын бірдеңе үйреткіштей де болып көрінгім келмейді. Саралау өзіңізде ғой. Шешімді өзіңіз шығарасыз… Менен де ақылдысыз ғой. 

Бірақ қазір ғашық боп жүрген сияқтысыз. Сіз үшін қуаныштымын. Сүйіңіз! Сүйікті болыңыз! Ең керемет сезімді бастан өткізіңіз. Ең ғажайып махаббатқа лайықсыз.

Сіз мені айтпай-ақ білесіз ғой. Сондықтан өзім туралы жазбадым. Сізге деген құрметімді, махаббатым мен тілектестігімді білдіргім келді. Көрші кабинеттес болып отырып, шай ішіп отырғандағы тәтті торттан гөрі тәтті сезім сыйлағым келді…

Сізге деген құрметпен Қайырлы Әнел

07.02.20 ж.

00.54

Жазира Жүнісова, Еуразия Қоры, Орталық Азияда азаматтық қоғамды қолдау бағдарламасының ассистенті:

Хатты іштегіңді бөлісуге қорықпайтын адамға жазу керек

Жазира Жүнісова. Фото жеке архивінен

Мерекедегі немесе туған күндегі құттықтаулар шаблонға айналып кеткендей. Біреуден келген құтты болсын хабарламаны сол күйі екіншіге жібере салу бар. Адамдардың уақыты аз, я болмаса көңлі суып бара жатқан болар немесе әйтеуір бір құтты болсын айту керектінің көрінісі болар. Не де болса көңілге қатысты деп ойлаймын. Солайша, бір-бірімізге жылы сөз арнауға да сараң болуға болады екен.

Былтыр туған күніме бір ай қалғанда тілек туралы ойландым. Біреуден болмаса біреуден естіп, туған күнім екенін әйтеуір бір білуі мүмкін. Түрлі желіден құттықтау хабарламаларын алатыным анық. Олар күндердің күнінде жоғалып кетуі мүмкін. Ал мен сақтап қалғым келді. Сол үшін туған күніммен құттықтағысы келетіндер қағазға хат жазса деген тілек айттым. Бірақ ол ойды жұртқа жариялауға аздап тартыншақтадым. «Қияли ой ғой» деп жүрсе тағы. Не де болса Instagram-ға «маған хат жазуыңызға болады» деген мағынада пост жаздым.

Алғашқы хатты туған күніме 2-3 күн қалғанда алдым. Оны жазған пәтерде бірге тұрған Назгүл деген қыз екен. Қазір Талдықорған іргесіндегі Балтық би ауылында тұрады. Жүрегім алып-ұшып, қатты қуанған едім. Өйткені жүрек түкпірінде «адамдар хат жазса» деген тілек болғанымен оным орындалмайтын шығар деп ойладым. Осындай күз уақыты еді. Назгүл конвертке бірнеше сары жапырақ салып жіберіпті. Олар әлі сақталып тұр. Жаңа хатты қайта оқып шығып, жапырақтарды ұстап көріп, сол кездегі сезімді қайта сезініп шыққандай болдым. Тіпті қай жерде, қалай оқығанымның бәрі есімде. Ол өмірінде алғаш рет хат жазып отырғанын айтқан еді. Одан кейін де бірнеше хат алдым. Құрбыларым хатты қолыма берді. Онда туған күнде ауызша айтылмаған, менің олардың өмірінде қандай орын алатыным жайында, не үшін сыйлап, жақсы көретіні туралы жазылыпты. Сондай «жылы» хаттар болды. Атыраудан, Түркістаннан және тағы басқа бірнеше қаладан хат келді.

Фото: Жазира Жүнісова

Біздің ұйымда жұмыс істеген итальяндық Томмасо деген досым болды. Сөзіміз, көзқарасымыз ұқсас еді. Аз уақытта жақын араласып кеттік. Сол күндерден жақсы естелік қалсын деп еліне қайтарда қолмен хат жазып қалдыруын сұрадым. Ол кетерде мен іссапарда болып, қоштаса алмадық. Жұмысқа келсем, компьютерімнің алдына қойып кетіпті. Ішінде бірге түскен суретіміз де тұр. Енді менде алыста жүрген жақсы адамның әдемі хаты бар.

Туыс ағам бар. Бір ауылда өстік, бұрын үйіне жиі баратынмын. Менен төрт класс жоғары оқыды. Көбіне сырын маған айтатын, ал мен тыңдаушы едім. Мектеп бітірген соң Алматыға кеттім, ол астанада тұрды. Бір-бірімізді көрмегенімізге 5-6 жыл болған. Хат туралы постымды оқыпты. Туған күнімде хабарласты, дата есінде екен, тіпті нөмірімді де білетін болып шықты. Маған хат жолдапты, өкінішке қарай, ол қолыма тимеді. «Бұған дейін хат жазып көрмеппін, оны қалай жазу керек, қалай жіберу керек екенін білмейтін едім. Сондай бір қызық рәсім болды», — деп айтты. Адамдардың сондай ықыласын білгенде көзге жас келеді. Ағамның хат жазғанына хатты қуандым. Қашықтық болса да, жылдар өтсе де мектеп кезіндегі жылы қарым-қатынасымыз өзгеріссіз қалыпты. Оны хат айналасындағы әңгіме арқылы білдім.

Фото: Жазира Жүнісова

Қолға қалам алып, қағаз дайындап, жазу үшін ол адамға деген ыстық ықылас болуы керек шығар. Сосын іштегіңді бөлісуге қорықпайтын жақын адам болуы қажет.

Хаттардың бәрін міндетті түрде сақтап қоямын. 2-курста телефонымды жоғалтып алғаным бар. Үйдегілер ақша салып жіберіп, тағы біреуін сатып алдым. 2-3 күннен соң оны да жоғалттым. Ағам үйленіп жатқан уақыт еді, үйдегілерге телефонымды тағы да жоғалтқанымды айтуға ұялдым. Тойға баруға жолға шықтым. Группаластарым маған білдірмей ақша жинап, маған телефон сатып алған екен. Оны пойызға шығарып салып тұрғанда Гүлбану деген құрбым берді, жанында қоспараққа жазылған хаты болды. Пойызда отырып, группаластарымның маған арнап істеген ұйымшылдығына сондай риза болып, көзімнің жасын сығып алдым. Кейінгі рет хатты Шолпан қызға жазғаным есімде.