Университет пен мамандық таңдағанда көбіне неден қателесеміз?

Әлібек Есеновтің айтуынша, қазақстандықтар жоғары оқу орнын «грант болса болды», «биыл түспесем, ұят», «ата-анамның қалауы», «Алматыға, Нұр-Сұлтанға кету керек» деген оймен таңдайды.

Бұл — қате. ҰБТ-дан 138 балл алып, өзі қаламаған немесе болашағына керегі болмайтын мамандықты таңдау дұрыс емес. Ал кейбірі сол мамандыққа 65-70 балмен түсіп жатады. Сондықтан әркім тестіден алған балына қарамай, еш таныс-тамырсыз, өзі қалайтын, болашағын байланыстыратын мамандықты таңдауы керек. Мектепті енді бітірген жас түлек үшін бұл өте маңызды, — дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, дизайнер, музыкант, аспаз, спортшы мамандығын таңдайтын немесе Youtube-те канал ашып, блогер болғысы келетін баланы біраз ата-ана қолдамайды. «Тамақ істеп жүресің бе», «Youtube саған ақша бола ма?» деп баланың таңдауына қарсы болады.

Керісінше, SMM маманы, маркетолог, видеограф пен 3D аниматорлар көп ақша табады. Сондықтан «Осы мамандықты оқысаң, айлығың жоғары болады» деген түсінік қазір жоқ, — дейді Әлібек Есенов.

Мамандық таңдағанда тек Алматы мен Нұр-Сұлтанға ұмтылмай, сол саланы қайда жақсы оқытатынына мән берген жөн. Әлібек Есеновтің сөзінше, Қазақстан студенттерді 176 мамандық бойынша оқытады.

Өкінішке қарай, жоғары оқу орнын бітіргендердің көпшілігі дипломы болса да, мамандығы бойынша жұмыс таппай жүреді. Біразы мамандықты ойланбай, біреудің айтуымен таңдай салады. Әр адам «Диплом алсам, болды» деген ойдан арылып, өзі жақсы көретін ісін таңдауы керек. Біразы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті мен Еуразия ұлттық университетін таңдайды, себебі көбі осы екеуін ғана біледі. Бұл екі университетті білімі жағынан мықты деп айта алмаймын, — дейді “UStudy”, “125 high school” және «125 school» мектептерінің директоры.

Әлібек Есенов. Фото: Daulet Kazhkenov

Әлібек Есенов Назарбаев университетіне түсуге кеңес береді. Себебі бұл оқу орны халықаралық стандарттарға сай білім бере алады.

Одан кейін Қазақстан-Британ техника университеті, Сулейман Демирел университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық ІТ университетін білімі жағынан ең жақсысы деп есептеймін. Грантқа түсе алмаса да, ақысын төлеп оқуға кеңес беремін. Себебі осы оқу орындарында интеллекті жоғары мұғалімдер сабақ береді әрі онда білім алуға ұмтылатын балалар оқуға түседі. Осыған дейін көп мемлекетте болдым. Байқағаным, Гарвард, Стэнфорд университеттеріне адамдар білімі үшін емес, сондағы орта үшін ақша төлейді. Сапалы мұғалім мен достар, білімді ортамен қарым-қатынас үшін ақшасын аямайды. Бізде кейде оқу орнын жақсы жатақханасы мен тамақ беретіні үшін таңдап жатады, — дейді ол.

Кәсіпкердің зерттеуінше, Қазақстанда педагогиканы Қарағанды, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Семей университеттерінде жақсы оқытады. Педагогикадан басқа мамандық үшін бұл қалаларды таңдаудың қажеті жоқ.

Бұл — менің эксперт ретіндегі ойым. Осының бәрін ата-ана мен бала ескерсе, жақсы болар еді, — дейді Әлібек Есенов.

Балаға мектеп таңдағанда ата-ана нені ескеруі керек?

Бұрын ата-аналар баласын үйіне жақын мектепке беретін. Әлібек Есеновтің айтуынша, қазір ата-ана «мынау нашар мектеп», «бұл — жақсы мектеп» деп бөледі, таңдайды.

Меніңше, бала бастауышта оқығанда мектепке аса мән бермей, оны жақсы мұғалімнің класына беруге тырысу қажет. Себебі бастауышта көп пәннен бір мұғалім сабақ береді, — дейді ол.

Yessenov online платформасының негізін қалаушы жекеменшік мектеп баланың қабілетін ашады деп есептейді.

Мемлекеттік мектептің еңбегі зор. Осы уақытқа дейін сонда білім алдық. Әрине, жекеменшік мектептің сапасы жақсы деп есептеймін. Себебі онда бағаға емес, баланың қабілетін ашуға көп көңіл бөледі. Қазір «тек 5-ке оқу», «алтын белгімен бітіру», «қызыл аттестат, қызыл диплом алу» деген түсінік қалған. Мұндай нәрселерге басымдық беру жойылып барады. XXІ ғасыр адамның 5-ке оқығанына, қызыл диплом алғанына емес, бәсекеге қабілетіне, салыстырмалы түрде артықшылығына қарайды, — дейді Әлібек Есенов.