Мәселен, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, Боралдай елді мекенінде бес көшеге асфальт төселіп жатыр. Сонымен қатар 3 шақырымға жуық жол бойына жарықшамдар орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдар мен суағарлар салынуда.
Бұған қоса, аталған бағдарлама аясында Мыңбұлақ ауылындағы 4 көшеге де асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылды. Қазіргі таңда, сол көшелерге суағарлар қойылып, аяқжолдар төселуде. Сонымен қатар, ондағы 110 орындық «Бақыт» балабақшасының қосымша салынған 51 орындық 2 қабатты ғимараттына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл құрылыс жұмыстары келесі айда толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Осыған ұқсас жөндеу жұмыстары Ақтас, Тайманов елдімекендерінде де жүргізіліп жатыр. Онда «Жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы шамамен 2,5 шақырым болатын 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы аудан аумағында жалпы пайдаланымдағы және елді мекендердің ішкі көше автомобиль жолдарының ұзындығы 886,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде: Республикалық маңызы бар 25 шақырым автомобиль жолының 100% асфальттанған. Облыстық маңызы бар 445,3 автомобиль жолының 419 шақырым асфальтталған. Аудандық маңызы бар 97,6 шақырым жолдар 100% асфальттанған.
Ал елді мекендер ішіндегі көшелердің ұзындығы 319 шақырымды болса, оның 205-сі асфальтталған, 80-не шағал тас төселген. Биыл 25,2 шақырым болатын елді мекендердегі 19 көшенің автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
