Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясына қатысады

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлейді. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те хабарлады.

Мемлекет басшысы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 19.45-тен кейін бейнеконференция форматында сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Президент қазіргі дүниежүзіндегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлер туралы, соның ішінде коронавирус пандемиясымен күрес, жаһандық экономика өсімін қалпына келтіру, ядро қаруынан бас тарту және тартпау, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды шешу туралы айтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның ролін күшейтуге назар аударады. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру, «Жасыл экономиканы» дамыту және Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді. Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтиды, соның ішінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуына да тоқталмақ. Сонымен бірге Қазақстан Президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді. Солардың бірі — бүкіл дүниежүзіндегі волонтерлардың еңбегін мойындауға, құрметтеуге бағытталған, — деп жазды Берік Уәли.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің тікелей трансляциясын БҰҰ http://webtv.un.org веб сайтынан немесе Facebook-тегі https://www.facebook.com/UNWebTV парақшасынан көруге болады.