Бағзы заманда бір ауылға жұқпалы ауру тараса, ақсақалдар дереу сол ауыл тұрғындарын басқа жерге шықпауға үндеген. Қатерлі аймақтағылар ауыл айналасындағы төбелерге қаралы ту іліп, қара қазан төңкеріп, қара ат мініп, қара киім қиген. Осылай басқа ауылға, жолаушыға жаман ауру тарап жатқанынан белгі берген.
Жаман аурудың атын атап айқайламайтын. Тергеп, жұмсартып «індет», «сырқат» және тағы басқа деп айтқан. Ел-жұрттың, халықтың еңсесін түсірмей, үрейлендірмей, «Ауру жеті түрлі болғанмен, жетпіс жеті түрлі емі бар» деп жігерлендірген. «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» деп халықты сабырға шақырған. «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» деп науқастың ашуына тимейтін. Материал әрі рухани көмек беріп, көңілін аулайтын, — дейді этнограф.
Қазақ ақсақалдары ауру тарап жатқан ауылда той өткізуге тыйым салады. Ал ауру тарамаған елді-мекендер көрші ауыл қаралы болып жатқанда тойды тоқтатады, кейінге қалдырады. Бұл — біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы болмасын дегені. Ал ауыл ішінде ауру жұқтырып алғандардың маңдайына қазанның қара күйесін жағып қояды.
Сол күйеге қарап, басқа ауырмаған адамдар бірден білетін. Ол адамнан қашықтық сақтап, тұмшаланып жүретін. Сырт ауылдағылар ауру тарап жатқан мекенге қой, сиыр, жылқы сияқты малдың мүйізіне, жалына ақ шүберек байлап, айдап кіргізіп жібереді. Өздері бармайды. Бұл олардың материал көмегі саналатын, — дейді зерттеуші.
Бағзы заманда ел ішінде ауырғандарды арша, адыраспан, жалбыз, киелі ермен, итмұрын, итсигек, сексеуіл және тағы басқа өсімдіктер мен шұбат, қымыз, айран, сүт, құрт-ірімшік, ет тағамдарымен емдеп, жазатындар болған. Этнографтың айтуынша, адамы аурудан қайтыс болған үйге қаралы ту іліп, басқаларға хабар береді. Қайтқан адамды молдалар тұмшаланып барып, жерлейтін еді. Кейбірін аманат етіп қойып, аурудың беті қайтқанда басқа жаққа апарып, жерлеген.
Бір үйдің бүкіл адамы қырылып қалғанда үйдің сыртына қара қазанды айнала төңкеріп қояды. Бұл — үйде енді қазан асылмайды деген ырым. Жайшылықта қазанды төңкеріп қою жаман ырым саналатыны осыдан, — дейді академик.
Этнографтың сөзінше, қазақ ауру тарағанда ақсарыбас мал шалып, Аллаға жалбарынып, жақсы тілек тілейді. Ала бие шалып ауылды жаман аурудан аластайды. «Жаман ауруға жақсы ас ем» деп, ақ-сары бастың сорпасына қара, қызыл бұрыш, қалампыр, киелі ермен салып ішіп, қуаттанған. Суық ұстап, құрысып қалған адамдарды ақ-сары бас қойдың жаңа сойылған терісіне орап терлетіп, суығын шығарып, жазып алған да екен.
Аурудан қайтқан адамдардың киіміне ақ тамызып, өртеп, күлін жерге көміп тастайтын салт та бар еді. Онысы — жаман ауру отпен бірге күлге айналсын деген ырымы. Қазір ғылым дамыды, көп нәрсе қолда бар. Бірлесе күрессек, біз алмайтын қамал жоқ. Қорқып кетуге де, қорықпай бойды кеңге салуға да болмайды, — дейді этнограф Болат Бопай.