Ерлан Қиясов Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері болды

Ерлан Қиясов Денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол 1973 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Орталық Азия университетін, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматы жедел медициналық жәрдем ауруханасы қарқынды терапия реанимация бөлімшесінің санитары болып бастады.

1997-99 жылдары Алматыдағы ҚР әуе көлігіндегі орталық санитария-эпидемиология станциясының санитар дәрігері, дәрігер-эпидемиологы қызметтерін атқарды.

1999 жылдан бастап 2020 жылға дейін ҚР Президенті іс басқармасының медицина орталығы құрылымында санитария-эпидемиология станциясында жалпы гигиена бойынша санитар дәрігер, жедел бөлім меңгерушісі, Санэпидқадағалау басқармасы эпидемиология бөлімінің бастығы, «Санитария-эпидемиология сараптама орталығы» РМК директоры, басшының орынбасары болып жұмыс істеді.