Қайрат Келімбетов Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы болды

Қайрат Келімбетов Президент жарлығымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Нематұлы Келімбетов ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалсын, — делінген Ақорданың сайтында жарияланған жарлықта.

Қайрат Келімбетов 1969 жылы Алматыда туған. Әр жылдары Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ басқарма төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Экономикалық даму және сауда министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қыркүйекте Қазақстанда екі агенттік құру туралы жарлыққа қол қойды. Олар — Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктері.