Асқар Мамин Төтенше жағдайлар министрлігі ұжымына Юрий Ильинді таныстырды

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Төтенше жағдайлар министрлігі ұжымына ведомство басшысы Юрий Ильинді таныстырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Аcқар Маминнің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта құрылған Төтенше жағдайлар министрлігіне табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, тұрғындарға шұғыл медицина және психология көмегін беру, өрт қауіпсіздігін сақтау және азаматтық қорғанысты ұйымдастыру бойынша міндеттер қойып отыр.

Барлық ұйымдастыру шарасын жедел өткізіп, негізгі міндеттерді орындауға кірісу қажет, — деді Асқар Мамин.

Ильин Юрий Викторович 1968 жылы 9 сәуірде туған. Алматы жоғары жалпы әскери команда училищесін шынжыр табанды және дөңгелекті машиналарды пайдалану жөніндегі инженер мамандығы бойынша, Қырғыз мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

1992-96 жылдары Украинаның Сумск облысы азаматтық қорғаныс курстарының оқытушысы және бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

1996-2005 жылдары Алматы облыстық және қалалық төтенше жағдайлар басқармаларында қызмет атқарды.

2005 жылғы наурыздан бастап Алматы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары болды.

2011 жылдың желтоқсаннан бастап 2013 жылдың наурызына дейін Алматы Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және оларды жоюды ұйымдастыру басқармасын басқарды.

2013 жылдың наурыз айында Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

2015 жылдың қазан айында ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2016 жылғы сәуір айынан бастап бүгінге дейін Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарды, генерал-майор.