Қазіргі қалалардың миллиондаған жыл бұрынғы орнын көрсететін карта пайда болды

Калифорнияда (АҚШ) тұратын палеонтолог Ян Вебстер Жердің интерактив картасын жасады. Ол қазіргі елді мекендердің бүгіннен бастап 750 миллион жылға дейінгі кезеңде қай жерде орналасқанын көрсетіп береді.

Миллиондаған жыл бұрын Жер бетіндегі құрлықтар дәл қазіргідей орналаспаған еді. Тіпті бір замандары Еуразия да, Америка да, Африка да болған жоқ. Мәселен, 335 миллион жыл бұрын Пангея деген суперқұрлық болды. Ол кейін бірнеше континентке бөлініп кетті.

Карта қолданушы көрсеткен қала орнының осындай түрлі кезеңде қай жерде болғанын білуге көмектеседі. Мәселен, Алматы атауын теріп, динозаврлар дәуірінде оңтүстік астананың Жердің қай бөлігінде орналасқанын анықтауға болады.

Nur-Sultan-Pangea
Қазіргі Нұр-Сұлтанның орны Пангея суперқұрлығында осы нүктеде орналасқан екен

«Бұл біздің ортаның өзгеріп отыратынын көрсетеді. Жер тарихы біз елестеткеннен де ауқымды, ал тектоник плиталар мен құрлықтардың қазіргі орналасуы – уақытша дүние. Болашақта бәрі басқаша болады», – дейді автор Вебстер.

Картамен танысу үшін мына сілтемеге өтуге болады.

Ауырғанды сезетін жасанды тері пайда болды

Tech Xplore сайтының хабарлауынша, Мельбрундағы (Австралия) Король технологиялық университетінің ғалымдары электронды тері ойлап тапқан. Жасанды терінің басты ерекшелігі – дәл адам секілді ауырғанды сезе алады. Бұл биомедицина технологиялары мен саналы робототехниканың дамуына үлкен үлес қосады деп болжанып отыр.

Дененің әлдебір жері зақымданса, оны сол сәтте бірден білеміз. Себебі сигнал миға әп сәтте жетіп барады. Австралия ғалымдары ойлап тапқан жасанды тері де дәл осындай жылдамдықпен ауырсынғанды сезеді екен.

Одан бөлек, электронды тері иненің жәй тиіп кеткені мен тесіп кіргенін ажырата алады.

Зерттеу авторларының бірі Мадху Бхаскаранның айтуынша, мұндай деңгейге жеткен жасанды тері осы уақытқа дейін ойлап табылмаған.

Жасанды тері бионик протездер жасауда қолданылуы мүмкін.

Жеті миллиард жыл бұрын болған ғарыш апатының сигналы Жерге енді жетті

New Atlas-тың жазуынша, адамзат тарихындағы ең қуатты ғарыш жарылысы және бұрын-соңды кездеспеген алып қара құрдым тіркеліпті.

LIGO және Virgo топтарында жұмыс істейтін астрономдар Жерге келіп жеткен гравитация толқындарын «тыңдап», оның екі қара құрдымның соқтығысқанынан пайда болғанын анықтады.

Гравитация толқыны – қара құрдымдардың немесе нейтрон жұлдыздардың соқтығысуынан пайда болатын кеңістік пен уақыт жазығындағы «діріл».

Осы жолы табылған «GW190521» атты толқын секундтың оннан біріндей уақыт ғана созылған.

Оқиға орны бізден тым-тым алыста болса керек, себебі толқын Жерге жеті миллиард жыл өткен соң келіп жетті. Яғни біз алыс-алыс өткен шақта болған ғарыш апаты жайлы енді біліп отырмыз. Ғалымдардың болжауынша, жарылыстың қуаты сегіз Күннің энергиясына тең екен.

Салмағы Күннен 65 және 85 есе артық екі қара құрдым соқтығысқан соң, орнында жаңа қара құрдым пайда болды. Оның салмағы Күннен 142 есе артық. Бұл – адамзат білетін ең үлкен қара құрдым.

«Жымиғыш» тасбақалар Жер бетінен жоғалмайтын болды

2000 жылы Мьянма өзендерінде ғана өмір сүретін тасбақаның сирек түрі «құрып бітті» саналған болатын. Алайда ғалымдар Бирма тасбақасын қайта көбейте алды деп жазады Daily Mail.

20 жыл ішінде зооқорғаушылар «жымиғыш» тасбақа санын 1000-ға жеткізіпті.

Әу баста ғалымдардың қолына екі жануар түскен. Тағы бір жорғалаушыны АҚШ коллекционері сатып алыпты. Осы үш тасбақа популяцияның қайта көбейе бастауына себепші болған.

Әзірге тасбақалар бес жылдай арнайы орында өмір сүреді. Кейін еркіндікке жіберіледі.

ЖИТС (СПИД) ауруынан өз бетінше емделген алғашқы адам тіркелді

АҚШ ғалымдары жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан (AIDS/СПИД) арнайы ем-домның көмегінсіз, өз бетінше кенет жазылып кеткен науқас жайлы ақпарат таратты. Бұл – адамзат тарихындағы тұңғыш оқиға. Зерттеу Nature журналында жарияланды.

Дәрігерлердің жазуынша, қатерлі вирус пациенттің биологиялық материалынан жоғалып кеткен.  Науқас АИТВ-ті (адамның иммун тапшылығы вирусы/HIV/ВИЧ) 24 жыл бұрын жұқтырыпты.

Вирустың кей біөлігі ағзада қалуы мүмкін, алайда олар тым аз болғандықтан ауруды қайта тудыра алмайды деп сендіреді ғалымдар.

Бұған дейін әлемде арнайы емнің көмегімен ЖИТС-тен жазылған екі адам бар екендігі туралы айтылған-ды. Оның бірі «Берлин пациенті» Тимоти Рэй Браун және екіншісі аты-жөні айтылмайтын «Лондон пациенті» болатын. Сондай-ақ «Сан-Паулу пациенті» жайлы да ақпарат жарияланды, алайда үшінші адамның жазылғанын растау үшін бірқатар зерттеу жүргізу керек.

Timothy-Brown
ЖИТС-тен жазылып шыққан алғашқы адам Тимати Браун. Дереккөз: missionescienza.it

АИТ вирусы адамның бойында АИТВ-инфекциясын тудырады. Бұл ауру ағзаға қорғануға көмектесетін Т-хелпер, моноцит, макрофаг, Лангерганс жасушалары, дендрит жасушалар секілді иммун жүйесінің бөліктеріне шабуыл жасайды. Нәтижесінде, адам ЖИТС-ке шалдығады, яғни дені сау адам жазылып кететін түрлі инфекция мен ісікке қарсы тұра алмай, ақыры қайтыс болады.