Тауға шығуға қалай дайындалу керек?
Әуелі, адам төзімді болуы керек. Тауға тұрақты барып тұрамын, биіктерге шығамын деген жан алдымен бойын дайындауы керек. Оның бірден-бір әдісі — жүгіру. Аптасына кем дегенде аз арақашықтыққа екі рет жүгіріп бастаған дұрыс. Келе-келе арақашықтықты үлкейте береді. Артық салмағы бар, буындары ауыратындарға жүгіру зиян. Тізесі ауыратындарға, омыртқада жарықшасы барларға да жүгіруге болмайды. Оларға ұзақ жүру, соның ішінде скандинавиялық жүру немесе жүзу ұсынылады. Бұл екеуі де адамның денсаулығын жақсартады. Дегенмен тауға шығатын адам ақыр соңында тұрақты жүгіруді қолға алуы керек.
Тауға шығу үшін жалпы денсаулықтың дұрыс болғаны дұрыс. Қандай да бір аурумен ауырып, енді сауығуға көшкен адамға тауға барып, аса биік емес, аса ұзақ емес жерлерге серуендеу пайдалы. Тіпті, созылмалы аурумен ауыратындар да тауда аздап серуендеп қайта алады. КСРО кезінде тауға топ болып баратын «Денсаулық соқпағы» деген бағдаралама болған. Ол бойынша көбіне зейнеткерлер мен тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдарды жиі кездестіруге болатын. Қылқан жапырақты орманмен жүру өкпеге пайдалы.
Қандай киім киген дұрыс?
Тауда ауа-райына сенім жоқ. Ойда жоқта жаңбыр жауып, күн кенет салқындап кетсе, соған сай киімі, керек-жарағы болмаған адамға қауіп төнеді. Негізі үш қабатты киім киеміз.
- Біріншісі — қыста термо ішкиім, жазда футболка. Қалай болғанда да оның табиғи матадан емес, синтетикадан тігілгені, онда да қымбатырақ болғаны дұрыс. Өйткені синтетика денедегі ылғалды жылдамырақ жойып, терді тезірек кептіреді. Тер кеппесе, адам жаурай бастайды. Жаздыгүні футболканың сыртынан өте жұқа, жеңі ұзын жейде киген де жақсы. Ол күннен қорғайды.
- Екіншісі — жылытқыш қабат. Оның да синтетикадан болғаны жөн. Көбіне полартек немесе флис деп аталатын матадан тігілген киімді киеміз. Олар ылғалды жылдам кептіріп, адам терлеп тұрса да бойын жылытады. Табиғи материалдың ішінде жүннен тігілгені бар, ол да осы синтетика сияқты әсер етеді. Бірақ нағыз жүннен жасалуы керек. Ондай киім өте қымбат тұрады.
- Үшіншісі — жаңбыр мен желден, қыста аяздан қорғайтын қабат. Бұл, әдетте — мамықтан жасалған сырт киім. Оны жаз демей, қыс демей рюкзакқа салып шыққан дұрыс, өйткені тауда не боларын болжап болмайсың.
Тауға баратын адамға аяғына балағы ұзын киім киюге кеңес береміз. Өйткені бунақденелілерден және ультракүлгіннен сақтану қажет. Бұта-бұтақ та аяқты осып, қиып кетуі мүмкін. Тауға кеды, жүгіруге арналған кроссовка киюге болмайды. Міндетті түрде альпинистерге немесе туристерге арналған табаны қатты, қонышы бар бәтеңке болуы қажет.
Қажет керек-жарақ
Бафф және кепке. Керек-жарақ түрі тауға қанша уақытқа шыққаныңызға байланысты. Дегенмен жыл мезгіліне, уақытқа қарамастан бас киім алған жөн. Жазда бафф кепкесін, күзде флистен немесе жартылай флис материалдан тігілген жылы бас киім киген дұрыс. Тіпті екі бафф алып жүруге кеңес беріледі. Біріншісін жылдың кез келген мезгілінде мойынды қорғау үшін пайдаланса, екіншісін жеңіл баскиім орнына киюге болады. Бафф сынған сүйекті таңып қоятын тақтайша жасауға да пайдаланылады.
Күннен қорғайтын көзілдірік. Тауда ультракүлгін сәулесі айтарлықтай қатты болады. Көзді күйдіріп жіберуі мүмкін, тіпті уақытша көрмей қалу қаупі бар. Бірақ көз қатты зақымданбаса, қалпына келеді.
Күннен қорғайтын жақпа май. Тауда жылдың барлық мезгілінде, әсіресе көктемде тері жылдам күйеді. Сондықтан күннен қорғайтын жақпа май міндетті түрде керек.
Треккинг таяғы. Олар тау беткейлеріндегі жүрісті айтарлықтай жеңілдетеді. Қажет болса сынған сүйекке арналған тақтайша жасауға, адамды көтеріп жүруге зембіл жасауға пайдалануға болады.
Жеткілікті мөлшердегі сусын мен жеңіл ас. Жазда кемі бір литр су, қыс пен күзде жылы су алу керек. Негізі құр суды іше бермеген дұрыс, өйткені ол адам терлегенде ағзадан тұз бен минералдарды көбірек шығарады. Сондықтан сусын ішіңіз, тоник, шай ішкен жақсы. Құрғақ жемістер алуға кеңес беріледі. Өйткені олар тәттірек, құрамындағы көмірсу қанға жылдам түсіп, бойға күш береді. Соратын кәмпит те ала жүрген жөн. Бастысы, тамақты молынан алып, молынан жемеу керек.
Адамдар тауға шығарда көбіне қандай қате жібереді?
- Өз күшін лайық бағалалмау. Соның кесірінен құтқарушыларға жұмыс көп. Оған қоса, дайындықсыз шығып кетіп, күшін артық бағалап қойып, соңы өліммен аяқталған жағдай көп.
- Жалғыз шығу. Тауға жалғыз бармаған дұрыс. Бір жағдай болса, көмекке келер ешкім жоқ. Сондай мысалдардың бірі — Әсел Панарғалиева. Ол 2019 жылдың қарашасында жалғыз өзі Үлкен Алматы көліне кетіп, содан қайтпады. Құтқарушылар қыздың денесін 2020 жылдың 31 мамырында тапты. Әсел тауға баратын топтарға қосылып алған екен. Ол чаттарда инструктор ретінде мен де болдым. Бірнеше чатта отырғандықтан оның қай топпен, кіммен кеткені белгісіз болды. Сөйтсек, бірге бара жатқан топпен сөзге келіп қалып, ақыр соңында тауға бір өзі сапарлаған болып шықты. Оның үстіне, біздің бағалауымыз бойынша дайындықсыз шыққан. Қаладағы таныстарына қайда кетіп бара жатқанын, қашан келетінін айтпаған. Жылына мұндай жағдайдың бірнешеуін кездестіреміз.
- Екеу немесе көп адаммен шығу. Тауға топ болып барса, бұрын бірге шығып көрген, жақсы танитын жандармен көтерілген дұрыс. Топтағы адам саны қауіпсіздік үшін кемінде үш, көп дегенде 10 адамнан аспауы қажет. Үш адам екеуден жақсы. Біреуі ауырып қалса, аяғын сындырса, қалған екеуі оған көмектеседі. Зардап шегушінің қасында біреуі қалып, екіншісі көмек сұрауға кетеді. Бұл адамдар екеу ғана болса, екіншісі я серігінің қасында қаларын, болмаса көмек сұрауға кетерін білмей дал болады.
Тауда адасып қалғанда не істеу керек?
Адасқан жерден ешқайда кетпеу керек. Сосын құтқару қызметіне хабарласқан дұрыс. Бірақ ол үшін құтқарушылардың шақыру линиясына тұру керек. Сондықтан ең дұрысы тауға шығарда жақсылап дайындалған жөн екенін тағы еске саламын. Телефонға координаттарды шығарып беретін қолданбаларды орнатып алу қажет. Координат картасы бойынша қай нүктеде тұрғаныңызды немесе қай ауданда жүргеніңізді құтқару қызметіне түсіндіріп бере аласыз.
Таудағы этикет қандай?
Таудағылар бір-бірін таныса да, танымаса да амандасады. Бұл — ереже. Бірақ қазір биік шыңдарға шыққан адамдар көбейген сайын бұл ережеге мән бермейтіндер көбейді.
Тауға шығуға арналған арнайы этикет құжаты бар. Ол бойынша өзіңнен кейін ешқандай қоқыс қалдыруға болмайды. Өзімен бірге әкелгенді, бананның қабығы сияқты органикалық заттар болса да қайта әкету қажет. Мектепте органикалық заттар ыдырайды деп үйреткенімен, тауда бұл — қоқыс. Өйткені онда органикалық заттарды қара топыраққа айналдыратын бактерия жетіспейді. Тауда, тіпті қара топырақ та жоқ.
От жағуға, шулауға болмайды. Өзгенің тынышын бұзбау керек және өсімдіктер мен жануарларға зиян тигізбеу қажет. Тауға музыканы қатты қойып шығатын жастар бар. Бұл мүлдем дұрыс емес әрі сүйкімсіз көрінеді. Музыканың кесірінен біреу көмекке шақырса, оны өзгелер естімей қалуы мүмкін. Жолай жануар көрмесек те олар тауда бар. Музыка соларға кері әсер етеді. Одан кейін бұл тауға демалуға келген адамның тынышын бұзуға жатады.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Sansheng)